Жамбыл облысында 15 жастағы оқушы қатарластарының соққысына шыдамай көз жұмды. Марқұмның анасы видеоүндеу жариялап, президенттен көмек сұрады, деп хабарлайды Skifnews .kz ақпарат порталы.
Әйелдің айтуынша, ұлы ұзақ уақыт бойы жоғары сынып оқушыларының әлімжеттігіне ұшыраған. Қайғылы күні 11-сыныптың бес оқушысы жасөспірімді мәдениет үйінің артына апарып, аяусыз ұрып-соққан. Куәгер болған інісін теріс қаратып қойып, үлкен ағасын өлімші етіп сабаған.
«Балам айқайлап, тоқтауды өтінсе де, ешкім тыңдамаған. Тіпті соққыдан кейін дүкенге жіберіп, сусын алдырып, қайта ұрған. Ақырында жүрек тұсынан қатты соққы алып, көз жұмды. Олар мектепте күн сайын ақша талап етіп, түрлі заттар сатып алуға мәжбүрлеп келген», – дейді қайғыдан қан жұтқан ана.
Марқұмның туыстары ұлының өліміне қатысы бар 5 баланың үшеуі ғана қамауда екенін, қалған екеуі ештеңе болмағандай мектепке барып жүргенін айтып ашынады.
Ал Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, үш күдікті қамауға алынған, ал екі жасөспірім сот шешімімен үйқамаққа жіберілген.
«Тергеу жұмыстары департамент басшылығының қатаң бақылауында», – делінген ресми хабарламада.