Жасанды интеллекті төтенше жағдай қызметкерлерінің көмекшісіне айналды. Салада жаңа функциялы дрондар қолданылып жатыр. Жаңа дрондар оқиға орнын әуеден барлап қана қоймайды, материалды өңдей алады. Яғни тұман мен түтін арасынан адам мен көлікті анық аңғарады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, қазір ведомствоға тиесілі 190 дрон бар. Оның 16-сы биыл сатып алынды. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының 130-ына жасанды интеллекті енгізілген.
ШҚО-да орманға саңырауқұлақ теруге барған зейнеткер адасып кеткен. Әйел қараңғы түсе, 112 қызметіне хабарласты. Құтқарушылар қоңырау түскен аумаққа тепловизор жүйесі бар дрон жіберген. Соның көмегімен зейнеткер Өскемен қаласынан 100 шақырым жердегі таулы аймақтан табылды.
Тимофей Исаев, ҚР ТЖМ Байланыс және ұшқышсыз ұшу аппараттары басқармасының бас маманы:
- Ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен біз әйел адамды тез тауып, елді мекенге аман-есен жеткіздік. Сонымен қатар дәл осы облыста жоғалып кеткен 4 балықшыны іздеуге де дрон жұмылдырылды. Нәтижесінде олар Алтай қаласынан шамамен 100 шақырым жерден табылды.
Бұл дрондар ондаған шақырым қашықтықты еңсеріп, мәліметтерді штабқа онлайн жеткізеді. Кейбірі жүйеге арнайы енгізілген маршрут арқылы өз бетінше ұша береді. Яғни, пультпен басқарып отырудың да қажеті жоқ. Бұл, әсіресе, мониторинг жұмыстары үшін таптырмас құрал. Ал кейбірі қараңғыда, түтін мен тұман арасында тепловизор арқылы түсірілім жасайды.
Зәкір Салигжанов, ҚР ТЖМ Байланыс торабы бастығының орынбасары:
- Бұл дрон разведчик. Су тасқыны, өрт кезінде қолданамыз. Тағы осы дронда жасанды интеллекті бар.
Төтенше жағдайлар министрлігіне 190 дрон тиесілі. Оның біреуі ұшақ үлгісінде болса, төртеуі гибридті үлгіде. Ал қалғаны — мультикоптер. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының көбіне жасанды интеллекті енгізілген.
Тимофей Исаев, ҚР ТЖМ Байланыс және ұшқышсыз ұшу аппараттары басқармасының бас маманы:
- Дрондар іздестіру-құтқару операцияларының барлық түріне қолданылып жатыр. Техникалық базаны толықтыру жоспарда. Биыл жетекші үлгідегі DJI Matrice 4T маркалы дрон қосылады. Ол құрылғыда жасанды интеллектінің кеңейтілген функциялары бар.
Салада ЖИ қолдану тәжірибесі барлық өңірге енгізіліп жатыр. Бұл әдіс төтенше жағдайлардың алдын алуға, қызметкерлердің жедел әрекет етуіне, уақыт пен қаражатты үнемдеуге ықпал етеді, дейді мамандар.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Бағдат Қайыркен