Футбол – әлемдегі ең танымал спорт түрі. Оны басқару жұмыстары ойыншылар мен командалардың алға жылжуына, қаржылық тұрақтылығы мен жанкүйерлеріне әсер етеді. Мысалы, Германия халқы сүйікті командасын бақылауда ұстауға міндетті. Еуропаның кей елдерінде ойын кәсіпке айналған .
Германияда футбол жанкүйерлері тек доп тепкендерді назарда ұстап, тақым қыспайды, ойын клубтарын басқаруға да қатысады. Елде «50 + 1» деп аталатын ереже бар. Оған сәйкес әр футбол клубының кемінде 51 пайыз акциясы жанкүйерлер қауымдастығына тиесілі болу керек. Яғни негізгі шешімдерді қабылдау құқығы – жанкүйерлердің қолында. Ал жеке инвесторлар клубтың 49 пайыз үлесін ғана иелене алады. Бұл жүйе клубтарды толық жекешелендіруден және кәсіпкерлердің бақылауына өтіп кетуінен қорғайды. Футбол сүйер қауым басқару жұмыстарына қатысып, дауыс беру арқылы маңызды шешімдерге ықпал етеді. Мұндай тәсіл клубтың қаржылық тәуелсіздігін сақтап, тұрақты дамуына жол ашады.
Еуропада футбол кәсіп көзіне айналған
Еуропаның көп елдерінде футбол клубтарын басқаруға қатысты нақты ережелер жоқ. Мәселен, Италия, Франция және Ұлыбританияда командалардың көпшілігі жекеменшік компаниялар мен кәсіпкерлерге тиесілі. Олар ойыннан инвестиция тартады, кейін сатылымға шығарады. Мұндай үлгі тиімді болғанымен тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайды. Кей клубтар қарызға батып, қаржылық қиындықтарға тап болып жатады. Бұған негізінен жанкүйерлердің басқаруға қатысу құқығының болмауы себеп. Ал Испанияда аралас меншік үлгісі қолданылады. Әлемге танымал «Реал Мадрид» пен «Барселона» клубтары түгелдей спорт жанашырларына тиесілі. Оларда инвесторлар мүлдем жоқ.
Америкадағы жоғары футбол лигасы
АҚШ-та футбол клубтары дәстүрлі емес үлгімен жұмыс істейді. Олар Жоғары футбол лигасына қарайды. Әр клубтың өз инвесторы, яғни лиганың акционері болады. Құрама штаттарда инвесторлар құрамаларды белгілі бір деңгейде басқарады. Сәйкесінше, маусым нәтижесіне қарай табыс үлесін алады. Лига кірісті барлық командалар арасында бөліп, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Ал Жоғары футбол лигасына кіру үшін клубтар арнайы жарна төлеуі керек. Америкадағы бұл жүйе клубтарға тұрақты табыс әкеліп, ресурстарды теңдей үлестіруге мүмкіндік береді. Алайда, клубтардың дербестігі мен еркіндігі кей жағдайда шектеліп қалып жатады.
Авторлары: Нұрбике Жігер, Тамерлан Ким