Батыс Қазақстан облысында былтыр инвестиция көлемі 750 миллиард теңгеге жетсе, оның 73% жеке инвестиция құраған. Ал таяу 5 жылда өңірде 2,2 трилион теңгеге 73 ірі жоба жүзеге аспақ. Бұл туралы бүгін Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі кеңес отырысында мәлім болды. Жиында өндірісті өркендетіп, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берілді.
«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты биылғы жолдауда әлеуметтік-экономикалық, цифрлық дамудың басым бағыттары белгіленіп, Үкімет пен аймақ басшыларына бірқатар маңызды тапсырмалар берілгені белгілі. Атап айтқанда, алда өңірлерге қомақты инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беру, көлік-логистикасын одан әрі дамыту, экономиканы жан-жақты әртараптандыру, цифрлық технологияларды енгізу міндеттері тұр. «Орал өңірі инновациялық жобаларды қолдауға әркез әзір», — дейді жиында сөз алған облыс әкімі.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Жолдауда ел үшін маңызды мәселелер көтерілді. Соның бірі – инвестициялық саясатты қайта қарастыру. Президент тапсырмасына сәйкес инвестицияның негізгі бөлігі шикізат саласына емес, өңдеу өнеркәсібіне, шағын және орта бизнеске, жоғары технологиялық жобаларға бағытталуы қажет. Бұл – еліміздің экономикалық дамуының жаңа кезеңіне бастайтын қадам.
Өңірде өткен жылы инвестиция көлемі 750 млрд теңгеге жеткен. Жалпы құны 14 млрд теңгенің 9 жобасы іске асса, 28 жоба жүзеге асудың түрлі кезеңінде тұр.
Эльмира Өтешева, БҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Енді қалған жобаларды сүйемелдеп, қандай мәселелер бар, соларды талқылап, мемлекеттік органдармен және де прокуратура аясында осы проблемалық сұрақтарды шешу жөнінде жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Ал таяу бес жылда Батыс Қазақстан облысында жалпы сомасы 2,2 триллион теңгеге 73 ірі жобаны жүзеге асыру көзделген.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов