Өңірлерде әділетсіз бөлінетін төлемдер енді қайта қаралады. Әлеуметтік төлемдердің тым көбейіп кеткені үкіметті алаңдатып отыр.
Елімізде кей әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар жойылады. Бұл туралы Үкімет басшысы айтты. Президент те өз Жолдауында әлеуметтік төлемдердің тым көбейіп кеткеніне назар аударған. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Олжас Бектенов барлық өңірде әлеуметтік төлемді бірдей қылуды тапсырды. Еңбек министрлігі бұл шаруаны 1-ші желтоқсанға дейін бір жүйеге келтіруі тиіс.
Айта кетейік, Президент жолдауында әлеуметтік төлемдердің тым көбейіп кеткенін, 100-ден аса түрлі жеңілдік барын айтып, реттеуді бұйырған еді.
«Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдерді алып тастау керек. Сонымен нүктені қоямыз. Біз әлуеметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдайтын боламыз», — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының пікірінше, мемлекеттің міндеті барлығына бірдей жағдай жасау. Ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және отбасын асырауға ұмтылу керек.
Төлемдердің әділ бөлінісі жоқ екенін министр Светлана Жақыпова да айтып отыр. Мысалы, Астанада көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы басқа өңірлерге қарағанда 10 есе көп. Ведомство басшысының сөзінше, бір тоқсанда елордалық жанұя 2 млн 700 мың алады. Ал басқа өңірлерде 273 мың теңге.
Енді, республика өңірлерінің барлығын Астана деңгейіне жеткізе ме, әлде керісінше, бола ма, министр нақты айтпады.
«Көпбалалы аналардың барлық конституциялық кепілдіктері сақталады. Көпбалалы отбасыларға республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақылар бұрынғыдай төлене береді. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері, «Батыр ана» атағына ие болғандар, «Ана даңқы» орденінің I және II дәрежелерімен марапатталған көпбалалы аналардың барлығы да өмір бойы өздеріне тиесілі төлемдерін ала береді», — деді Светлана Жақыпова.
Сондай-ақ, елімізде зейнетақы жүйесі қайта қаралады. Ведомство жанынан арнайы сараптамалық топ құрылды. Құрамында Ұлттық банк, қаржы нарығын реттеу агенттігі және зейнетақы қорының мамандары бар. Жыл соңына дейін бұл топ зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын арттыру және болашақ зейнеткерлердің табысын көтеру бойынша ұсыныстарын үкіметке енгізеді.
Мақсат — азаматтардың еңбек жолын аяқтағаннан кейін де, лайықты өмір сүруіне мүмкіндік беру. Жинақ жүйесінің тиімділігі, төлем көлемі мен басқару тәртібі қайта қаралады. Сонымен қатар, зейнетақы басқа мемлекеттік дерекқорларымен бір жүйеге біріктіріледі. Бұл мәліметтерді автоматты түрде тексеруге, зейнетақы тағайындау процесін барынша жеңілдетуге жол ашады.