Қызғаныш, көреалмаушылық — жанымызды кеміретін, бірақ бір уақытта ұят тудыратын сезім. Кейде біз ең жақын адамдарымызға да қызғана қараймыз. Бұл сезіммен қалай күресуге болады? Психолог Михаил Лабковский айтып береді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питерге" сілтеме жасап.

Психологтардың айтуынша, өзіңізді басқа адамдармен салыстырудың қажеті жоқ, себебі бұл өз-өзіңізге зиян. Бірақ бәріміз кейде өзгелерге қызғанышпен қарап, өз жетістіктерімізді басқалардың табысымен салыстырамыз. Әсіресе айналаңыздағылар үйленіп, демалып, жақсы табыс тауып жүргенде, өміріңіз бірсарынды, қызықсыз өтіп жатқандай көрінеді.

Біріншіден, әлеуметтік желілерден алыстаған жөн. Онда көбіне әдемі суреттер мен "ғажап" өмір ғана көрсетіледі, ал шындығында олай болмауы мүмкін. Екіншіден, егер басқа адамға қызғана қарасаңыз, оны өз артықшылыққа айналдыруға болады.

Психолог Михаил Лабковский оқырманының хатын мысалға келтіреді:

"Михаил, мен қарындасымның жетістіктеріне өте қуаныштымын: ол 25 жасында-ақ мансап құрып, пәтер сатып алды. Бірақ ішімнен өзімді жек көріп кетемін: көре алмаймын, ал содан кейін өзімді соған бола кінәлаймын. Мен оны күліп құттықтаймын, бірақ кейін өзімді жаман адам және оның қасында жолы болмаған адам сезінемін. Неге мен туған қарындасыма ренжіп, көре алмаймын? Қарым-қатынасымызды бұзбай, бұл сезіммен қалай күресуге болады?" — делінген хатта.

Неге біз жақындарымызды "көре алмаймыз"?

Михаил Лабковскийдің айтуынша, көре алмау сезімі үшін өзіңізді кінәлау қажет емес. Әсіресе оқырманның жағдайы жиі кездеседі: қарындасы жетістікке жетсе, ал ағасы әлі жетпеді. Мұның бәрі "ересектер бәрін бірінші болып істеуі керек" деген қате сенімнен туындайды.

"Бірінші болып отбасы құру, пәтер алу, мансапта көтерілу керек деген түсінік бар. Ал кіші бауырларыңыз немесе қарындастарыңыз мұны сізден бұрын жасаса, ұят сияқты көрінеді. Бірақ бұл – сандырақ", — дейді психолог.

Өмір — жарыс емес. @әр адамның өз жолы, өз уақыты болады.

Қызғанышты қалай артықшылыққа айналдыруға болады?

Егер сіз ешкімге зиян келтірмей, кек сақтамасаңыз, қызғаныш сізді "жаман адам" етпейді. Иә, өзіңізді жеңілгендей, "нашар" сезінесіз, бірақ басқа біреуді жығуға тырыспайсыз. Бұл – жақсы белгі.

Қызғанышты өз темірқазығыңыз деп қабылдаңыз: бұл — "Маған да сондай керек! Мен де сол сияқты болғым келеді!" деген сөз.

Психологтың айтуынша, өзіңізді кінәлаудың қажеті жоқ. Керісінше, қызғанышыңызды тыңдаңыз!

Өзіңізге мына сұрақтарды қойыңыз:

  • Мен нақты нені қызғанамын?
  • Нені қалаймын?
  • Оған жету мүмкін бе?

Есіңізде болсын, қарым-қатынасты қызғаныш емес, одан ұялу сезімі құртады. Өзіңізге деген шағымды азайтып, адал әрі саналы болыңыз. Қызғанышты күш көзіне айналдырыңыз – сонда бір күні сізге де қызғанышпен қарайтындар табылады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget