Биыл Таразда тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасымен 73 көпқабатты үй жөндеуден өтуі тиіс еді, деп хабарлайды 24kz.
Алайда жұмыс әлі басталмады. «Қаржы күтіп отырмыз», — дейді жауаптылар. Үйлердің көбі салынғалы күрделі жөндеу көрмеген.
Мерей Бает, тілші:
- Алатау шағын ауданындағы бұл үй 40 жылдан бері бірде-бір рет жөнделмеген. Инженерлік желілерінің бәрі тозған. Әсіресе, ауызсу мен жылу желісінің құбыры шіріп, әр жерден тесіліп жатыр. Сыздан пәтер қабырғалары көгеріп кеткен.
Ғабит Бегімбаев, қала тұрғыны:
- Жертөлеге адам кіре алмайды. Иістен кіріп шығу қиын, мүмкін емес. Бүкіл құбырдың бәрі шіріп кеткен ғой. Бағандары шіріп, тікелей жертөлеге ағып жатыр ғой. Әкімге де бардық, орынбасарына да бардық, ТҮКШ-қа да бардық, тұрғын үйге де бардық. Әне-міне, ертең-бірсігүні, биыл болды. Сол уәдемен келе жатырмыз.
Мерей Бает, тілші:
- Жұрт жауын жауса, шұрық тесік мына шатырдан су ағады дейді. Бесінші қабаттан саулаған су бірінші қабатқа дейін өтеді екен. Сондықтан тұрғындар үй төбесін тегістеп, қара қағаз төсеп көрген. Бірақ бұдан нәтиже болмады дейді.
Бұл үй 2022 жылы тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында қайта жаңғыртылуы керек еді. Бірақ мердігер алдын ала 15 миллион теңге алып, құрылысты тастап кеткен. Жауаптылар компанияны сотқа берді. Қаражат әлі қайтарылмаған. Екі тарап соттасып жүргенде тұрғындар қиындық көріп отыр. «Енді республикалық қазынадан қайта қаржы бөлінсе, жаңғырту жұмысын биыл бастаймыз», — дейді жауаптылар.
Алмат Радикұлы, «Тұрғын үй жөндеу Тараз» мекемесінің директоры:
- Наурыз айында республикалық бюджетке 7 млрд 816 млн теңгенің 73 үйіне өтінім берілген болатын.. Бүгінгі күні қаражат мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Дегенмен де, республикалық бюджеттен нақтылау жоспарлануда. Қаражат бөлінген жағдайда ол үйлердің барлығы толықтай жөнделеді. Алатау мөлтек ауданындағы 14-үй 73 үйдің қатарында бар.
Былтыр облыс орталығында 53 баспана қайта жаңғыртудан өтті. Ескі үйлердің жертөлесі мен кіреберістері жөнделіп, сыртқы келбеті қалыпқа келтірілді. Жалпы қазір Тараздағы 1400-ден аса көпқабатты үйдің 600-ге жуығы қайта жаңғыртуды қажет етеді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев