Алматы облысында екі әйел кәмелетке толмаған жасөспірімді ұрлап кеткен. Артынша жасөспірімді азаптап, жыныстық зорлық-зомбылық көрсетіп, бопсалаған. Осы оқиғаға қатысты видео тарады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, екі әйел 16 жастағы қызды үйінен алдап шығарып, ұрлап әкеткен. Жәбірленушінің анасының айтуынша, бұл әрекетті жасауға әйелдің қызғанышы себеп болған.

Қыз бір ер адаммен болашақта ЖОО-ға түсу мәселесін талқылау үшін телефон нөмір алмасқан. Кейін ер адам қызға бейнеқоңырау шалып, әңгіме университетке түсу тақырыбында өрбіген.

Шамамен жарты сағаттан соң қыздың нөміріне бейтаныс әйел қоңырау шалып, өзін әлгі ер адамның қалыңдығы ретінде таныстырған.

"Ол қызымнан бұл адаммен сөйлеспеуін, оны бұғаттап, скриншот жіберуін сұраған. Қызым үшін 30 жастағы әйел — үлкен адам. Әрине, айтқанын істеген", — дейді қыздың анасы.

Алайда келесі күні әйел қызға қоңырау шалып, кездесуге шақырған. Қыздың үйінің алдына құрбысы екеуі көлікпен келіп, оны көлікке отырғызған.

"Әйел алдымен оның телефонын алып, хаттарын қарай бастаған. Кейін ұрып, шашын жұлған", — дейді қыздың анасы.

Одан соң олар шылым шегіп, темекі тұқылын қыздың қолы мен аяғына басады. Мұнымен де тоқтамай, оны өзен жағасына апарып, соққыға жыққан, бірнеше рет басын суға батырған және аяғын сүйгізген. Әйелдің құрбысы мұның бәрін видеоға түсірген.

Одан кейін екі әйел таяқты пайдаланып, қызға зорлық көрсетуді ұйғарған. Осыдан соң қызды үйіне әкеліп тастап, біреуге айтса, видеоны таныстарына жібереміз деп қорқытқан.

Күдіктілер — 1996 жылы туған екі әйел.

Еске салайық, бұған дейін екі әйел 16 жастағы қызды қорлады деген күдікке ілінді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget