Өскеменде елімізде алғаш рет сал ауруына шалдыққан және өзге де даму ерекшеліктері бар балаларға арналған мектеп ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Енді бұл балалар өз қатарластарымен бірге білім алып, спортпен айналысып, ой-өрісін дамыта алады. Ең бастысы – оқу тегін. Мектепте оқумен қоса оңалту бағдарламалары қатар жүргізіледі.
Шығыс Қазақстан облысында сал ауруы, аутизм сияқты өзге де күрделі диагнозы бар балалардың саны мыңға жуықтайды. Перзентінің болашағына алаңдаған ата-аналар үшін бұл – көптен күткен жаңалық. Ерекше балалар алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Олар алғашқы қоңырау салтанатында ән шырқап, би билеп, жақындарын қуанышқа бөледі.
Лилия Мамбурова, ерекше балаларға арналған мектептің директоры:
- Біз «бейімделмейтін бала жоқ» деген ұстанымдамыз. Балада ауытқулар неғұрлым күрделі болса, соғұрлым түзету мен оңалту шаралары жүйелі әрі қарқынды болуы керек. Мектепте балалар таңғы 08.00-дег кешкі 17.00-ге дейін болады. Толыққанды оқу бағдарламасымен қатар оңалту үрдістері қатар жүргізіледі.
Мектепте балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Заманауи жабдықталған кабинеттер, арнайы бейімделген оқу бағдарламасы мен әдістемелер – мұның бәрі ерекше балалар үшін ыңғайластырылған. Бүгін кішкентай Айсұлтан үшін қос қуаныш, туған күні және алғашқы қоңырау. Жеті жасар бала мектеп табалдырығын аттады. Оның бұл жетістігі – ұзақ күрестің жемісі. Бұған дейін ол жүре де, сөйлей де алмаған. Тұрақты қолдаудың арқасында тілі шығып, алғашқы қадамын жасады.
Нұркамал Дүйсіпова, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Немерем өте көп қиналды. Ол бала қиналғаннан кейін өзімізге де өте ауыр болды. Біреулерге айта алмадық неше түрлі ой бола ма деп. Қазір тәуба, міне, жүре бастады кішкене, сөйлейді, ұға бастады бәрін. Жақсы, мен өте қуаныштымын.
Бұл мектептің ашылуына мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар бастамашы болыпты. Лилия Мамбурова мен Мәдина Әуренова алдымен оңалту орталығын, мектеп ашуға күш салған. Мәдинаның ұлы да бүгін осы мектепке барды. Мұндағы бір сынып толық сал ауруына шалдыққан балаларға арналып жабдықталған.
Мәдина Әуренова, Сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығының директоры:
- Бүгін осы мектепке келген балалар білім алуға мүмкіндігі жеткен, санасы оянған балалар. Бұл – Шығыс Қазақстан өңірінде, тіпті Қазақстанда да бірегей мектептердің бірі. Себебі күрделі кемістігі бар балалармен жұмыс жасайтын мектеп. Бұл сөйлемейтін балалар, бұл отыра алмайтын балалар. Бұлар өзінің қимыл әрекеттерін реттей алмайтын балалар. Яғни, күрделі ақауы бар балалармен жұмыс жасайтын мектептер жоқ.
Бұл – инклюзивті қоғам құру бағытындағы маңызды қадам. Жобаға мемлекет, бизнес, үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық серіктестер мен жергілікті тұрғындар атсалысты.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов