Былтыр елімізге 15 млн-нан астам шетел азаматы келді. Оның 10 млн-ға жуығы кем дегенде бір күн ел ішін аралаған. Сала мамандары «Бұл көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады», — дейді. Ол үшін білікті мамандар даярлап, қызмет көрсету саласына ден қою керек.

«Алматы облыстық сервис және тамақтану саласындағы инновациялық технологиялар колледжінде» Мыңға жуық студент 6 мамандық бойынша білім алады. Оқу ғимараты «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында заманауи ас үй жабдықтарымен, симуляциялық модульдермен және мультимедиялық оқу құралдарымен жабдықталған. Шәкірттердің біліктілігін шыңдау үшін Франция, Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай елдерімен келісім шарт та жасалған.

Бақытгүл Кішібаева, колледж директоры:

2018 жылдан бастап Түркия Республикасы, Анталия қаласындағы колледжбен халықаралық деңгейде келісім шарт жасадық. Тамақтандыруды ұйымдастыру, қонақ үй сервис, туризм мамандықтары бойынша біздің студенттер Анталия, Кемер қаласында орналасқан қонақүйлерде өздерінің мамандықтары бойынша практикадан өтуде.

Нұрдәулет Сыздық