Әлемдік деңгейдегі бұл сайыс елордада алғаш рет ұйымдастырылған еді, деп хабарлайды 24kz.
Онда жаһанның 12 елінен келген 56 адам бақ сынады. Ауқымды жарыстың нәтижесі қандай? Қазақстан құрамасының қоржынында қанша жүлде бар?
Альмира Оразбай, тілші:
- Жарыстың ашылу салтанаты 22 тамызда болып, 23-іне жекелеген сайыстар басталды. Халықаралық турнирге бес ай дайындалған спортшылардың көрсеткен нәтижесі жаман емес. Тіпті жұптық және топтық кезеңдерде боччадан Қазақстан құрамасының қоржыны алтын, күміс және қола медальдарымен толықты.
Эльмира Мусралиева, параспортшы:
- Мойнымызда Қазақстанның жауапкершілігі тұр ғой. Қалай береміз алтынды? Намыс бар, рух бар. Жұптық жарыста алтын алдық. Жеке жарыста мен қола алдым, бұл кісі күміс алды.
Азамат Аязбаев, параспортшы:
- Қарсыластарымыздың арасында осалы жоқ. Барлығы жоғары деңгейде дайындалған. Біз де кенде емеспіз. Қоржынымыз біраз алтынға толды. Бұл біз үшін үлкен мотивация болып отыр.
Жарыстың Қазақстан құрамасы үшін маңызы зор. Себебі қатысушылардың көрсеткішіне сай оларға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік ұпайлар беріледі.
Нұргүл Ұлжекова, Қазақстан Бочча федерациясының бас хатшысы:
- Боччаның инклюзивті қоғам құру жолындағы орны ерекше. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Біз де барлық қолдаушы, демеушілердің, әріптестеріміздің көмегімен осындай ауқымды шараны ұйымдастырып жатқанымызға өте қуаныштымыз.
Жарыстың бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы. Бұдан бөлек, турнирге «ERG», «Sport Qory», және «Аңса» қоры демеушілік етті.
Авторлары: Альмира Оразбай, Артур Горшняков