Иорданиялық Aljazeera Agricultural компаниясы Қазақстанда құс фабрикасын салады. Бұл туралы бүгін екі ел басшыларының қатысумен өткен Қазақстан-Иордания бизнес-форумында айтылды. Сондай-ақ отандық QazBioPharm иордандық DADvet компаниясымен бірлесе отырып, фармацевтикалық жобаларды жүзеге асырмақ. Тағы қандай ортақ мәмілелер жасалды?

Ел экономикасы биыл жеті айда 6,3 пайызға өсті. Оған өнеркәсіп, сауда және көлік салаларындағы жоғары көрсеткіштер ықпалын тигізді. Тұрақтылық бар. Соған қарамастан ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізу қарқыны жалғаса береді. Сондықтан Иорданиямен серіктестік көптеген сектордың өркендеуіне септігін тигізеді, деді Мемлекет басшысы. Әрі Қазақстан – тоғыз жолдың торабы. 12 халықаралық көлік дәлізі бар. Оның бесеуі темір жол болса, жетеуі автокөлік жолы. Осы орайда Президент Иорданиядағы Акаба портының мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз ірі халықаралық бағыттарды, соның ішінде Орта дәліз бен Солтүстік – Оңтүстік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдауда негізгі рөл атқарады. Былтыр Құрық портында астық терминалын іске қостық. Ол жылына 1 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алады. Бұдан бөлек Ақтауда өткізу қабілеті жылына 240 мың контейнерді құрайтын хаб салдық. Осы орайда Акаба портының стратегиялық әлеуетін бірлесе пайдалануға дайынбыз.

Екі елдің агробизнес саласындағы әлеуеті мол. Қазақстан әлемде егістік алқабы бойынша 6-орын алады, дүниежүзілік ірі астық экспорттаушылардың ондығына енеді. Жыл сайын 8 миллион тоннадан аса бидай мен 2 миллион тоннаға жуық ұн жаһандық нарыққа жеткізіледі. Сондықтан Қазақстан Иорданияны жоғары сапалы, таза ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алады, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының мүшелері ретінде бізді елдеріміз бен барша мұсылман әлеміне арналған ортақ мақсат біріктіреді. Бұл орнықты әрі әділ азық-түлік экожүйесін қалыптастыруды көздейді. Біз Aljazeera Agricultural иорданиялық компаниясының елімізде құс фабрикасын салу жөніндегі бастамасын құптаймыз.

Ал Иордания — әлемдегі жетекші медициналық орталықтардың бірі. Жаһанның 85 еліне фармацевтикалық өнімдерін экспорттайды. Сондықтан қос тарап осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайтуға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан да өзінің әлеуетін дамытып, дәрі-дәрмек өндірісі мен медициналық құрал-жабдық шығаруда айтарлықтай табысқа жетті. Осы орайда QazBioPharm компаниясының DADvet иордан компаниясымен бірге Таяу Шығыс елдері мен біздің өңірімізге өзара вакцина экспорттауға бағытталған жоспарын қолдаймыз.

Тараптар цифрландыру бағытында да серіктестік орнатпақ. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Еуразиядағы жетекші озық технологиялар орталығы болуға ұмтылатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл бастамалар әлемдік жасанды интеллект кеңістігіндегі Қазақстанның технологиялық өркендеуін жеделдетіп, позициясын нығайтады. Осы ретте Astana Hub пен King Hussein Business Park арасында серіктестік орнату ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, стартаптар, техникалық білім мен басқа да көптеген салада ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев иорданиялық кәсіпкерлерді «Астана» халықаралық қаржы орталығымен серіктестіктің тың мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды. Осылайша форум аясында жасалған келісімдер – өзара инвестиция, инновация және орнықты даму салаларын ілгерілетуге мүмкіндік бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұлы Мәртебелі Корольдің Қазақстанға жасаған сапарына тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл – біз үшін зор құрмет. Аталған сапар – тығыз серіктестігіміз бен риясыз достығымыздың көрінісі. Кеше маған Өзіңізді досым, тіпті, бауырым деп атауға келісім бердіңіз. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі артықшылық. Қымбатты бауырым, Сіздің арқаңызда Иордания бізге етене жақын елге айналды. Халықтарымыз мәңгіге дос, бауырлас әрі сенімді серіктес болып қалатынына нық сенімдімін.

Иордания Королі ІІ Абдалла бизнес-форум жұмысына қатысушыларға ризашылығын жеткізді. Ол бүгінгі кездесу – экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретінін айтты. Әрі қазақстандық инвесторларды Иорданияға шақырды.

Раушан Сайлауқызы