Талғарда Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот өтіп жатыр, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.
Сот отырысы басында судья Айнагүл Түкібаева жәбірленушінің және басқа да қатысушылардың сотта берген айғақтарын БАҚ-та таратуға тыйым салды.
"Кейінгі сот отырысынан кейін әлеуметтік желілерде жәбірленушінің айғақтары мен сот залынан видео жарияланды. Осыған байланысты сотта берілген жәбірленушінің және басқа да қатысушылардың айғақтарын жариялау шектеледі", – деп түсіндірді судья.
Осыдан кейін журналистер сот залынан шығарылып, трансляция жүргізіліп жатқан баспасөз орталығына орналастырылған.
Алайда БАҚ өкілдері наразылық білдірді. Олардың айтуынша, сот процесіне қатысушылардың тізімі берілмеген, сондықтан кім сөйлеп жатқаны белгісіз. Осылайша соттың баспасөз қызметі толық тізімді ұсынған.
Соттың баспасөз қызметі ұсынған сурет
Хасан Қасымбаев туралы не белгілі?
Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты істен кейін жиі айтыла бастады.
Еске салайық, бұған дейін Хасан Қасымбаев 2021 жылы ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысын ұрлап, соққыға жықты деген күдікке ілінгені хабарланды.
Үш жыл бұрын болған қылмыс видеоға түсіп қалған. Жазбада жәбірленуші, яғни ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімов екені жазылған. Оның туыстарының сөзінше, ер адам алдымен "Виктория" шағын маркетінің жанында соққы жеп, артынша ес-түссіз күйде Кеңдала ауылындағы канал жақтан табылған. Содан кейін ер адам ауыр жағдайда ауруханаға түскен.
Хасан Қасымбаев 2024 жылы 2 қарашада ұсталды. Кейін екі айға қамауға алынды.
2025 жылы 21 сәуірде Хасан Қасымбаевқа қатысты істі тергеу аяқталды.
2025 жылы 29 шілдеде Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа жолданды.
Жуырда сот басталды. Сотта прокурор Ерлан Құланбаев адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (жәбірленуші — ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімов) және бопсалау (жәбірленуші — Әріпжан Тәжиев) істері бойынша егжей-тегжейлі айыптау актісін оқыды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз