Елімізде көпбалалы аналарға кәсіп ашуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар қарқынды жүзеге асуда. Қайтарымсыз грант алып кәсібін дөңгелетіп отырғандар да бар. Мамандардың айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған мұндай игі бастама елдегі жұмыссыздықты азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға да сеп болып отыр.
Сандуғаш Есенбекова – жеті баланың анасы. «Алтын алқа» иесі мемлекеттен алған қайтарымсыз грантты жеке кәсібін ашуға жұмсапты. Жәрдемнің басым бөлігіне тігін машинасын сатып алған. Қазір айына 6 мыңнан аса тапсырыс орындайды. Ісмер әзірлеген топтамада қазақтың құрақ көрпелері, этно стильге негізделген түрлі бұйымдар бар.
Сандуғаш Есенбекова, кәсіпкер:
2017 жылы көпбалалы ана ретінде «Өрлеу» бағдарламасына қатыстым. 2020 жылы қайтарымсыз грант берілетіні жарияланғасын, оқып-біліп, сол салада 5 млн теңгелік грант ұтып, кәсібімді бастадым. Бүгінде үлкен кәсіпке жетіп, шәкірт тәрбиелеп, талай жұмыссыз әрі көпбалалы аналарды жұмыспен қамтып отырмыз.
Мемлекеттік бағдарлама – әлеуметтік осал топтарды қолдауға арналған керемет мүмкіндік. Әсіресе, қайтарымсыз грант – кәсіп ашуға талаптанып, бірақ қаржының жоқтығынан қолбайлау болып отырғандарға үлкен көмек. Ал әлеуметтік кәсіпкерлікті бастамас бұрын арнайы оқудан өтуі қажет, дейді мамандар.
Гүлзинат Мейірбекова, қалалық Еңбек мобильділігі орталығының маманы:
Қайтарымсыз грант алған әр кәсіпкер кемінде бір-екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның өз қағидасы бар: міндетті түрде есеп тапсырылады және үнемі тексеріліп тұрады. Халықтың жағдайын жақсарту үшін білімсіз жандар қысқа мерзімді курстарда оқытылып, кейін олар жұмыспен қамтылады. Еңбек өтілін жинаған соң мемлекет тарапынан тұрақты жұмыспен қамтуға да үлкен көмек көрсетіледі.
Еліміз бойынша жыл басынан бері 48 мыңнан аса отбасыға атаулы әлеуметтік көмек беріліпті, оның 24 мыңы – көпбалалы отбасы. 4 мыңнан аса адам қайтарымсыз грант алған. Оның 2 мыңы – көпбалалы жанұя. Қаражат құны – 400 АЕК. Яғни, 1 млн 572 мың теңге.
Ал конкурстық іріктеу тұрақты түрде өткізіледі. Алдымен тігін өндірісі, инклюзивті білім беру саласына басымдық беріледі, дейді мамандар.
Айдана Қуантхан