Ақмола облысында 300-ден астам мұғалім дәстүрлі тамыз конференциясына қатысты, деп хабарлайды 24kz.

Форумның басты мақсаты – цифрлық дәуірдің сын-қатерлері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, оқу үдерісінің сапасын арттыру. Жиында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев жасанды интеллект пен тың технологияларды оқу жүйесіне енгізудің маңыздылығын атап өтті. Өңір басшысы Марат Ахметжанов өз кезегінде саладағы жетістіктерге тоқталды. Оның айтуынша, аймақта «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 9 мектеп салынған. Бұл 12 мыңнан астам жаңа оқу орнын ашуға мүмкіндік берді. Оған қоса, тағы 5 білім ордасы биыл жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Айта кеткен жөн, қазір өңірде 23 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.

Валерий Гамазов, Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Конференцияның негізгі тақырыбы тек оқушылардың білім сапасын арттырып, шығармашылық дағдыларын шыңдау емес. Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев жас ұрпақтың бойында азаматтық ұстанымды қалыптастыруға керегін атап өтті. Олардың оқу сауаттылықтарын арттыру, алған білімін тәжірибе жүзінде қолдану, мамандық таңдау сынды мәселелер көтерілді.

Гаухар Шәпенова, ағылшын тілі мұғалімі:

- Ұстаздардың тамыз конференциясында мен үшін өте маңызды марапатқа ие болдым. Ерен еңбегі үшін медалін алдым. Көп жылғы еңбегім ақталғаны үшін соны ризашылығымды білдіремін.