Атырау облысындағы су айдындарында 46 жағажай бар. Биыл аталған жағажайдың біреуі ғана ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Рәтбек Демеубергеннің айтуына қарағанда, өзен-көлдердегі қауіпсіздік шарасы күшейтілген.

«Биыл шомылу маусымына дайындық ерте басталды. Жауапты құрылымдар тұрғындар арасында кең ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізді. Қазір Жайық өзенінің жағалауында шомылуға рұқсат етілген «Малибу» жағажайы ашылды. Аталған жағажай Атырау қаласында орналасқан. Ал 45 жағажай уақытша жабық тұр. Оған былтырғы тасқыннан кейін су арнасының өзгеріп, жағалау инфрақұрылымының жарамсыз күйге түскені себеп болды», дейді Р.Демеуберген.

Жазғы шомылу маусымы басталғалы бері 5 адам суға батып кеткен. Бұл – былтыр су айдындарында көз жұмғандар санынан 17 пайызға аз.

«Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шомылу маусымы басталғалы 3600-ден астам рейд жүргізді. Суға түсу талабын бұзған 83 адамға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабымен хаттама толтырылып, 1,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Су айдындарынан 6 адам құтқарылды. Оның біреуі – бала», деп мәлім етті Рәтбек Демеуберген.