Түркістан облысында «Жайлы мектептің» алғашқы түлектері соңғы қоңырау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды 24KZ. Бүгінгі күні облыстағы пайдалануға берілген тоғыз «Жайлы мектепте» 7694 оқушы білім алып жатыр. Олардың 300-ден астамы мектеп бітіруші түлектер.

Түркістан қаласындағы 2 мың орынға лайықталған №34 жалпы білім беретін мектеп бүгін алғашқы түлектерін ұшырды. Соңғы қоңырау салтанатты шарасына мектеп бітіруші 71 түлек ерекше дайындықпен келді. Білім ұясындағы соңғы күн болғандықтан, барлығы өнерін көрсетіп қалуға тырысты. Бойларын қимастық сезім билеген жас түлектер алдағы жоспарымен бөлісті.

Бауыржан Рақымжан, мектеп түлегі:

- Мектеп пен сыныптастармен, өзім жақсы көреретін адамдармен қоштасуға тура келеді. Алда ҰБТ-ны жақсы тапсыру мақсаты тұр. Мен негізі халықаралық қатынас мамандығын таңдағанмын, сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Көптеген шет тілін білуді талап етеді. Сондықтан мен ағылшын тілін үйрендім, алдағы уақытта Қытай тілін оқуды жоспарлап отырмын. Себебі Қытай – өте дамыған ел. Оны да білген қоғамға септігін тигізеді.

Оқу жылының аяқталуына орай бүгін өңірдегі барлық мектептерде «Соңғы қоңырау» салтанатты іс-шарасы «Білімім – Отаныма» деп аталатын тәрбие сағатымен ұштасты. Қаладағы жалпы білім беретін №33 мектебінде өткен ашық сабаққа 900 оқушы қатысты.

Перизат Мейірқұлқызы, мектеп директоры:

- Жалпы мектеп 2000 орындық, қазір 900 оқушы білім алып жатыр. 100-ге жуық мұғалім қызмет етеді. 11-сыныпта 11 бала, 9-сыныпта 47 бала. Бүгін алғаш рет мектебіміздің түлектерін ұшырғалы отырмыз. Бұл сәт біз үшін ерекше, тарихтың алғашқы бетіндей, бізге мәңгі есте қалатын күн.

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 13-і пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бұл мектептерде 736 мұғалім жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін тағы 16 мектеп іске қосылады деп күтіліп отыр.

Айгүл Қасымбекова, облыстық Білім басқармасы басшысының м.а.:

- Түркістан облысында 2026-2027 жылдарға 53 мектептің құрылысын жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, 115 мектеп жаңғырту бағдарламасына енгізілген. Жалпы 2 үш ауысымды мектеп бар. Олардың мәселесі қосымша ғимарат салу арқылы шешіледі. Одан бөлек, бір апатты мектеп бар. Олардың мәселесі де қосымша құрылыстар арқылы шешіліп жатыр. Біздің облыста «Жайлы мектептердің» құрылысы арқылы 16 мыңнан астам орын тапшылығы мәселесі шешіліп отыр.

Жалпы Түркістан облысында 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алады. Биылғы оқу жылында 33 884 оқушы 11-сыныпты бітірді. Олардың ішінде 2313 оқушы «Алтын белгіге», ал 2400-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 27 мыңнан астам түлек қатысады деп жоспарланған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш