Бүгін сегіз боксшымыз жұдырықтасады.
Таиланд астанасы Бангкок қаласында жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Бұл World Boxing ұйымының 19 және 22 жасқа дейінгілер арасындағы алғашқы құрлықтық жарысы. Оған 26 елден 400-ге жуық спортшы қатысуда. Бүгін бесінші жарыс күні. 19 жасқа дейінгі қыздар арасында жартылай финал жолдамалары сарапқа салынады. Ұлттық құрама өкілдері арасынан ең бірінші болып шаршы алаңға 48 келідегі Диана Серікбаева шығады. Ол жапон қызымен кездеседі. Артынша 51 келідегі Айым Таңқыбаева моңғолиялық, 54 келідегі Жанель Имантаева кореялық, 57 келідегі Аяжан Ермек тайландтық, ал 60 келідегі Алина Құдайгенова тағы бір кореялық қызбен жолығады. Кешкі сессияда 65 келіде Ақбота Есімбекова Қырғызстан, 70 келідегі Мария Сидоренко Қытай, ал 75 келідегі Зарина Толыбай Үндістан спортшысымен кездеседі. Азия чемпионатына бас-аяғы 39 спортшымзы аттанған болатын. Оның 26-сы жарысты жалғастырып жатыр. Бокс мамандары мен бокс жанкүйерлері спортшыларымызға үлкен сенім артады. Құрлықтық жарыстың жалпы қорытындысы 11 тамызда белгілі болады.
Каратэден Азия чемпионатына дайындық
Азия үздігі екенімізді кезекті рет дәлелдеуіміз керек. Қазақстандық каратэ шеберлері құрлықтық жарыс алында кешенді дайындыққа кірісті. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы байрақты бәсеке тура бір айдан кейін Қытайдың Шауо-Гуань қаласында болады. Оған 36 спортшымыз қатысады. Яғни үш жас деңгейі бойынша болатын додада барлық салмақта бақ сынайды. Ел намысын қорғайтын қыз-жігіттер тыңғылықты іріктелді. Ел ішінде үш бірдей рейтингілік жарыс ұйымдастырылып, соның қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталды. Олар қазір өз өңірлерінде жеке бапкерлерімен жаттығып жатыр. Ал 17 тамызда Алматыда бас қосып, бірлесе дайындықты пысқытайды. Азия чемпионатының өзі 5 қыркүйекте басталады. Айта кету керек, ұлттық құрама жыл сайын үздік нәтиже тіркеп, жалпы командалық есепте алдыңғы үштіктен көрініп жүр. Биыл да осы жетістікті қайталау керекпіз дейді федерация басшылары.
Аяулым Үшкемпірова, ұлттық құрама мүшесі
Асқар Молдағали, Қазақстан каратэ федерациясының бас хатшысы
Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-қа аттанды
Ол қараша айында кезекті жекпе-жегін өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жөнінде кәсіпқой боксшы әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. «Мен АҚШ-қа жол тарттым. Қараша айында шаршы алаңға шығуға дайын боламын. Карлос Адамес үшін әлі де мүмкіндік бар. Егер ол келісімін бермесе, белбеулерімді басқа қарсыластарға қарсы қорғаймын» — деді Жәнібек. Қазір осы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен доминикандық Карлос Адамес кездесуін көпшілік тағатсыздана күтіп жүр. Осы мақсатта Бүкіләлемдік бокс кеңесінің президенті Маурисио Сулейман Карлостың белдігін қорғауға қатысты кездесуді шегеріп, Әлімханұлы-Адамес жекпе-жегін ұйымадастыруға мүдделі екенін жеткізді. Тіпті, танымал промоутер Турки Әл аш-Шейх дәл осы жекпе-жекті Эр-Риядта ұйымдастыруға тырысқан еді. Алайда Адамес тарапынан келісім болмағандықтан, жоспар жүзеге аспада. Айта кетейік, Карлос Адамес орта салмқата WBC чемпиондық белдігінің иегері. Ал, Жәнібек WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы.