Үш рет ғарышқа ұшып, ел мерейін еселеген ғарышкер Талғат Мұсабаев 75 жасқа қараған шағында бақилық болды. Бірнеше рет ашық космос кеңістігіне шығып есімі тарихта қалған тұңғыш қазақ. Шексіз көкке ел аманатын арқалаған ол ғылыми эксперименттерді сәтті орындады. АҚШ, Гер¬мания, Фран¬ция, Ресей елдері¬нің де ғы¬лыми бағдар¬ла¬маларын табысты іске асырды .

Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшуды бала күнінен армандаған. Сол арман 1994 жылы 1-шілде күні орындалды.

Талғат Мұсабаев ғарышты бір емес, үш рет бағындырды. 1998 жылдың қаңтары мен 2001 жылдың сәуірі тарих беттерінде Талғат Мұсабаевтың атымен сақтаулы. Көптің есінде қалған тарихи сәттің бірі ол ғарышкердің ғарыштағы әні.

Нұрлан Өнербаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

Абайдың «Көзімнің қарасы» әні ғарыш пен жерді байланыстырған ән деп есептеймін. Мен өлеңнің бір шумағын айтсам, бір шумағын Талғат айтады. Бізді байланыстырған сол қазақтың әні, қазақтың өнері болатын. Мен ол кісіні аға ретінде сыйладым, ол кісі мені іні ретінде ерекше құрметтеді.

Ғарышкер аспан кеңістігінде жалпы 341 күнін өткізген. Кейін де саладан алыстамай, ғарышты жерден зерттеді. Ұлттық ғарыш агенттігін, кейін аэроғарыш комитетін басқарды.

Ерғазы Нұрғалиев, Талғат Мұсабаевтың әріптесі:

2007 жылы Талғат Амангелдіұлы Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігін басқарған кезде мен сол кезде сол агенттіктің жауапты хатшысы болдым. Ғарыш саласының негізін сол кісінің бастауымен құрдық десем болады. Жұмысқа өте бір тиянақты кісі еді. Бастаған істі міндетті түрде сол ойлағандай аяқтауды жақсы көретін. Бүгін аяқ астынан хабар келді, мен сенбедім. Әлі сенбей отырмын. Бірақ бұл ақиқат екені белгілі.

Ғарыш саласында өшпес із қалдырған Талғат Мұсабаев, елдің саяси өміріне де араласты. 2017 жылдан бастап 2023 жылға дейін Сенат депутаты болды. Парламентте де ғарыш саласындағы мәселелерді көтеріп, оның шешу жолдарын ұсынды. Бірқатар заң жобаларының қабылдануына ат салысты. Халық қаһарманын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Алматыда өтеді...

Алдияр Айтбай