Атырау облысында 12 бассейн санитарлық талапқа сай емес.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері мониторинг жүргізіп, 164 су сынамасын алған. Нәтижесінде 12 нысанда хлор мөлшері мен өзге де көрсеткіштердің гигиеналық талаптарға сай еместігі анықталды. «Palma» аквапаркінде балалар хлордан улануған соң, өңірдегі 20-ға жуық бассейннің жұмысы тексерілді.
Айгүл Ысқақова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- 76 сынамасы санитарлық-химиялық көрсеткіші бойынша сәйкес болмады. 16 сынамасы микробиологиялық көрсеткіші бойынша сәйкес болмады. Яғни санитарлық-химиялық көрсеткіш дегеніміз – бассейндегі судың құрамындағы жалпы хлор қалдығы, хлоридтар, судың кермектілігі. Ал микробиологиялық көрсеткіштер ол әртүрлі ауру туғызатын микроорганизмдер мен микробтық санының өскені байқалды.