Германияның Любек қаласында неміс тілін оқыту байынша халықаралық конференция өтті.

Оған әлемнің түкіпр-түкпірінен білім саласындағы мамандар барған. Оның ішінде біздің елдің педагогтары да бар. Жиын аясында қандай тақырыптар талқыланды? Оның мән маңызы қандай?

Халықаралық конференцияға 100-ден астам елден 2,5 мыңға тарта маман қатысты. Қазақстан атынан Алматы, Астана, Көкшетау және басқа қалалардан 11 педагог арнайы барды.

Мартин Херольд, Халықаралық қатынас қоғамының жетекшісі:

- Бұл халықаралық маңызы бар жиын. Әр елден келген оқытушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, тіл меңгерудегі заманауи әдістерді талқылайды. Любек қаласына Қазақстаннан да мамандар келгеніне қуаныштымыз.

Форум бағдарламасы 40 секциядан тұрады. Жиында талқыланған өзекті тақырыптардың бірі — сабақта жасанды интеллектіні қолдану мен ақылды оқулықтар әзірлеу болды. Сондай-ақ жастарды неміс тілін меңгеруге құлышынысын арттыру жолдары қарастырылды. Педагогтар жаңа инновациялармен танысып қана қоймай, еліміздің осы саладағы тың технологияларын таныстырды.

Айгүл Бижкенова, Л.Гумилёв атындағы ЕҰУ Шетел филологиясы кафедрасының меңгерушісі:

- Қазақстанда лингводидактика яғни тіл үйретудің жалпы теориясын түсіндіру жақсы жолға қойылған. Біз үшін әр елден келген әріптестерімізбен пікір алмасу маңызды. Мұндай халықаралық деңгейдегі форумдар таным көкжиегімізді кеңейтуге мүмкіндік береді.

Маттиас Кислер, Германияның Алматыдағы бас консулы:

- Тіл — көпір іспеттес. Оқушылар шет тілдерін үйрену арқылы өзге елдердің мәдениетімен танысады. Қазақстанда неміс тілі барлық мектепте оқытылмаса да, қызығушылық жоғары. Сондықтан алдағы уақытта оны үйрететін оқулықтар санын көбейту жоспарда бар.

Қазір көп елде шет тілдерін үйренуге деген қығушылық артып келеді. Неміс тілі жастар үшін ғылыми әрі халықаралық деңгейде өсуіне мүмкіндік береді.

Фариза Жанғанаева, Шолпан Найманбаева, 24kz