Қытайдың Чунцин қаласында Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Қытай бизнесмендерімен іскерлік байланысты кеңейтуге бағытталған іс-шараға еліміздің Сауда және интеграция министрі бастаған кәсіпкерлер делегациясы қатысып отыр. Чунциннің Халықаралық сауданы дамытуға ықпал ету комитеті және қазақстандық экспортты жылжыту бойынша ұлттық оператор «QazTrade» арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, бизнес өкілдері 40-қа жуық өзара әріптестік уағдаластығына қол жеткізуі тиіс.

Айта кетейік, бұл миссияның басты мақсаты – Қазақстанның дайын өнімдерін Қытайдың оңтүстік-батыс провинцияларының нарығына шығару. Осы ретте Чунцин қаласымен экспорт өрісін кеңейту, сенімді серіктестер іздеу және ұзақмерзімді сыртқы экономикалық байланыс орнықтыру жайы пысықталды. Аталған шаһар – Қытайдың орталық билігіне тікелей бағынатын 4 мегаполистің бірі. Бұл қатарда Бейжің, Шанхай және Тяньцзин бар. Чунцинде 32 миллион халық тұрады.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Чунцин қаласын айтатын болсақ, Қытай ғана емес, бүкіл әлемде ең ірі қала. Бұның ЖАӨ 480 млрд доллардан асады. Ол бізге маңызды қала. Біз Чунцин тек қана экономикалық жағынан емес, оны траспорттық-логистикалық хаб ретінде пайдалануға болады.

Берік Ахметов, «QazTrade» басқарушы директоры:

- Чунцин – біз үшін жаңа аймақ. Мұнда әзірге қазақстандық өнімдер аз. Біз Чунциндегі тауарларымызды арттыруға ниеттіміз. Қазақстан – жоғары сапалы экологиялық өнімдердің жеткізушісі. Сондықтан сұраныс жоғары болады деп ойлаймыз. Бұл миссия біздің және Қытайдың кәсіпкерлеріне байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сауда-экономикалық миссиямыз қазақстандық өнімнің экспортын арттырып, елімізге инвестиция тартуға бағытталған.

Гүлмира Юсупова, Қазақстан экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы:

- Біз ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша келісімдерге қол қойдық. Ол соя, жүгері мен арпа. Бұл тауарлардың экспорты бойынша әлеуетіміз зор. Қазақстаннан дайын өнімдерді де жеткізгіміз келеді. Өйткені олар генетикалық модификацияға ұшырамаған.

Қытайда Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдеріне қызығушылық жоғары. Аталған миссия құрамында 30-ға жуық қазақстандық экспорттаушы бар. Ал Қытай тарапынан 120-дан астам кәсіпорын қатысты. Қазақстан делегациясы өз өнімдерінің үлгілерін ала барған. Әлеуетті серіктестер сол жерде қазақстандық тауардың сапасын бірден тексере алады. Сондай-ақ кәсіпкерлеріміз үшін жергілікті кәсіпорындарға барып танысуға жол ашылды.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр наурызда Чэнду қаласында жалпы құны 75 миллион доллардан асатын сомаға, ал сәуірде Сианьда 98 миллион долларға тең келісімшарттар жасалған.