Өткен аптада әлемнің бірқатар мемлекетінде түрлі халық­аралық турнирлер өтті. Сол бәсекелерде еліміздің белді теннисшілері де өнер көрсетті.

Таяуда ғана Швейцарияның Гштаад қаласында аяқталған ATP 250 турнирінде топ жарған Александр Бублик өз жанкүйерлерін тағы да қуант­ты. Бұл жолы ол Аустрияның Кицбюэлінде жүлде қоры 596 035 еуроны құраған жарыста бас жүлдені олжалады. Тұсаукесер кездесуінде Тьяго-Агустин Тирантені (Аргентина) тізе бүктірген Бублик келесі кезеңде өзінің командалық әріптесі Александр Шевченкоға шаң қаптырды. Жартылай финалда нидерландық Ботик ван де Зандсхулды (Нидерланд) жеңген жерлесіміз финалда Артур Казаны қапы қалдырды. 1 сағат 26 минутқа созылған сайыс 6:4, 6:3 есебімен аяқталды. Бұл – А.Бубликтің АТР додаларындағы жетінші титулы.

АҚШ астанасы – Вашингтонда жүлде қоры 1 282 951 долларды құраған WTA турнирі мәреге жет­ті. Аталған жарыста еліміздің екі теннисшісі өнер көрсетті. Юлия Путинцева алғашқы айналым­да «Үлкен дулыға» додаларының төрт дүркін жеңімпазы, әлем­нің бұрынғы бірінші ракеткасы Наоми Осакадан (Жапония) ұтылса, Елена Рыбакина жарты­лай финалдық межеге дейін жет­ті. Еліміздің ең үздік ойыншысы Виктория Мбоко (Канада) мен Магдалена Френхты (Польша) ұтқанымен, одан кейін ойда-жоқта әлемдік рейтингте өзі­нен әлдеқайда төмен тұрған Лейла Фернандеске (Канада) есе жіберді. Бұл бәсекедегі барлық сет тай-брэйкке ұласты – 7:6, 6:7, 6:7. Дәл осы турнирдің ерлер арасындағы сайысында Бейбіт Жұқаев бақ сынады. Ол іріктеу сынынан іркілмей өткенімен, ­басты жарыстың бастапқы бәсе­ке­сінде Александр Мюллер­дің (Франция) осал тұсын таба алмады.

Биыл ғана жарақатынан айығып, енді-енді бабына келе бастаған Зарина Диас маусым айының аяғында Испаниядағы жарыстың жеңімпазы атанса, күні кеше ғана Португалия­ның Фигейра-да-Фош қаласында шымылдығы түрілген ITF турниріне қатысты. Пиреней түбегінде бірқатар қарсыласы­нан басым түскен ол жартылай финалда Мария Тимофееваға (Ресей) 2:6, 2:6 есебімен жол берді.

Финляндияның Тампересінде Дмитрий Попко мен Тимофей Скатов сәтсіз өнер көрсетті. Алғашқы айналымда Попко бельгиялық Жилем-Арно Байи­ден, Скатов франциялық Томас Фаруэлден ұтылды.

Сенбі күні Астанада елі­міздің жазғы чемпионаты­ аяқ­талды. Ерлер арасында бас жүл­дені 17 жастағы жас да­рын Әмір Омарханов пен 27 жас­тағы тәжірибелі Георгий Ломакин өзара сарапқа салды. Бірінші сет 6:1 есебімен 17 жас­тағы Омархановтың пайда­сына шешілді. Екінші сетте жарақат алуына байланысты Ломакин бәсекені жалғастырудан бас тартты. Қола жүлдені Ислам Орын­басар жеңіп алды. Әйелдер арасын­да Жібек Құламбаеваға тең келер ешкім табылмады. Финалда ол Аружан Сағындықоваға сан соқ­тырды. Үшінші орынды Іңкәр Дүйсебай иеленді.