Израиль әскері Газа секторының орталығындағы Дейр-әл-Балах қаласында бүгін құрлық және әуе операциясын бастады. Бұл жерде 20 айдан астам уақыт бойы әскери іс-қимылдар жүрмеген еді. Жексенбіде Израиль әскері қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі мыңдаған тұрғынға үйлерінен кету туралы бұйрық берді. Палестиналықтарға қауіпсіздік үшін Жерорта теңізі жағалауындағы әл-Маваси ауданына көшу туралы кеңес берілген. «ЦАХАЛ» Дейр-әл-Балахтағы террористік нысандарды жоятынын мәлімдеді. Жергілікті тұрғындар шабуыл арқылы Израиль қалада жаңа әскери дәліз құрмақшы деп алаңдайды. Ал Израиль Дейр-әл-Балахтағы аудандарға осы уақытқа дейін кірмеуін мұнда «ХАМАС» кепілдегілерді ұстап отыруы мүмкін деп түсіндірді.
Арай Төлегенқызы