Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет елдің туристік аймақтарын тиісті жағдайға келтіру жөнінде шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасын орындау үшін Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев туристік басым бағыттардың жай-күйін бағалау үшін өңірлерге жұмыс сапарларын бастады. Бірінші нысан Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасының жағалауы болды. Вице-премьер аймақ әкімдігіне биылғы күзге дейін солтүстік жағажайға баратын жолдың жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Бизнес өкілдері мен өңір тұрғындары туристік аймақтың проблемалық мәселелерін айтты. Мәселен, кәсіпкерлер қосалқы электр стансаларының жетіспеушілігін, орталықтандырылған кәріз жүйесінің жоқтығын және инженерлік желілердің шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар баға тақырыбы да көтерілді. Барлық жағдай жасалып жатқанына қарамастан, бірқатар нысандардағы қызметтердің құны жоғары болып отыр. «Коммуналдық жағажайлар тазалық пен қызмет көрсету сапасы бойынша стандарттарды ұстануы керек», — деді Ермек Көшербаев.

Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Жалпы жақсы нәтижелермен, жобалармен бірге коммуналды жағажайға барғанда қаншама қиындықтарды көрдік. Соған байланысты бүгін көріп отырсыздар, бір кісілер келеді, шатырды, тапшанды алады. 6,7,12, 9 мың теңге әркім ойына келген бағаны қояды. Бұл не? Бұл — көлеңкелі экономика.

Туризм – бұл елдің бет-бейнесі. Алакөл, Қапшағай, Балқаш сияқты табиғи аймақтарды салу кезінде жағалау сызығының өзгергіштігін ескеру, күзет аймақтарын салу, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Мұның барлығына жергілікті атқарушы органдар жауапты, деп атап өтті вице-премьер.

Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК басқарма төрағасының м.а.:

Мына жергілікті жердегі жағдайды жасау әкімдіктің мойнындағы мәселе. Жалпы туристик объектілерге келетін болсақ, үкімет тарапынан заңнамалық және мемлекеттік қолдау шаралары жасалған. Осындай инвестор өзінің объектісін саламын десе, оған жеңілдетілген кредит түрлері бар, мемлекеттік қолдау шаралары, грант немесе субсидиялар бар.

Жұмыс сапары жалғасуда. Барлық туристік нысандарды аралау аяқталғаннан кейін өңір әкімдерінің және уәкілетті мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен кеңейтілген жиын өтеді. Онда анықталған кемшіліктерді жою барысына баға беріледі және одан арғы шаралар айқындалады.

Ақниет Балтанова