Бүгінде Қазақстан әлемнің 30-дан астам елімен тікелей әуе қатынасын жолға қойды.
Нью-Йорк, Токио және Сингапур қалаларына рейстер ашу мәселесі пысықталып жатыр. Сондай-ақ еліміз өңірде тәуелсіз Авиация әкімшілігін құрған алғашқы ел. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитаномен кездесу барысында айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен ICAO арасында қол қойылатын азаматтық авиация бас жоспарының маңызына тоқталды. Аталған құжат авиация секторын ұзақмерзімді дамыту стратегиясы ретінде қарастырылады. Өз кезегінде Сальваторе Шаккитано еліміздің азаматтық авиация саласындағы жетістіктерімен құттықтады. Елімізде бұл сала қарқынды дамып, нақты құрылымы жасақталғанын атап өтті. Бүгінде Қазақстанның халықаралық әуе тасымалдарының географиясы кеңейіп келеді. Өткен жылдан бері Монреаль қаласында Қазақстан Республикасының ICAO жанындағы Тұрақты өкілдігінің кеңсесі жұмыс істей бастады.