Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мал есебін жүргізбейтін мал бағатындарға айыппұл салуды ұсынды, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.
Мұндай шараларға сібір жарасын жұқтыру жағдайы себеп болған. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, мал есепке алынбаған және уақытында вакцинацияланбаған.
"Осы саладағы бақылауды күшейтеміз. Малдың иелері жауап беруі керек, бұлай мал өсіруге болмайды. Сиыр төлдеді ме, 7 күннен кейін бұзауды есепке алып, құлағына белгі қою керек. Автомат жүйе бар. Бірақ кейбіреулер бұл талаптарды елемейді. Жауаптыларға тапсырма берілді, үй аралап, азаматтарға талаптарды түсіндіруі керек. Енді мұндай жағдайда айыппұл қатаңдатылады, оның мөлшерін екі есе арттыруымыз мүмкін", — деді Сапаров Үкіметтегі брифингте.
Мал иелері ғана емес, сонымен қатар, сеніп тапсырылған аумақты дұрыс қадағаламаған ветеринарлар, малды ешқандай құжатсыз сататын сатушылар жазалануы мүмкін.
"Бүгінде малды тіркемегені үшін айыппұл мөлшері — 30 мың теңге (...) Малды сатып алып, базарларда сататын сатушылар бар, олар қағаздарсыз және ветеринарлық анықтамаларсыз сата береді. Оларға қылмыстық жауапкершілікке дейін жауапкершілік қарастырылады. Заңға осындай норма енгізуді жоспарлап отырмыз. Әйтпесе амал жоқ. Бұл салада бақылауды күшейту қажет", — деп толықтырды Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.
Әзірге түзетулер дайындалып жатыр. Күзде, қазақстандық депутаттар демалыстан оралғанда, оларды Мәжіліске енгізу жоспарланып отыр. Бірақ заңға құлақ аспаған малшылар мен ветеринарларға қазірдің өзінде айыппұл салу жоспарланып отыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!