Тұрғындар тіршілік нәрін өзеннен немесе өздері қазып алған құдықтан ішіп отыр, деп хабарлайды 24kz.
Жергілікті билік мәселе көп ұзамай шешілетінін айтады. Қазір өңірде ауызсумен қамту бойынша 37 жоба жүзеге асып жатыр.
Тіршілік нәрінен тарығып отырғандар қатарында облыс орталығы да бар. Мысалы Нахалов ауданы тұрғындарының орталықтандырылған ауызсу жүйесін күтіп жүргелі 30 жылға жуықтады. Көптің тілегі биыл орындалады. Мұнда құбыр тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Сексентай Төрегелдин, қала тұрғыны:
- Құдықтың суын ішетінбіз. Құдықтың суы кермек. Тамақ жасап, кір жуғанға болмаса, ішкенге келмейді. Алла жазса, таза суды көреміз бе деп тұрмыз. Бәрімізге жақсы болар еді.
Амангүл Төлепбергенова, қала тұрғыны:
- Көптеген көшелердің тұрғындары сусыз отырған. Былтырдан бері халық жазып, айтып келе жатқандықтан осы суды қолға алған екен. Халық, әрине, қуанып жатыр. Өйткені сусыз адамдарға өте қиын.
Жаңа су құбырының ұзындығы – 6 шақырым. Желіге 374 абонент қосылады. Мердігерлер жұмысты осы айдың аяғына дейін аяқтамақ.
Фархат Қапанов, мердігер:
- Мамырдың 8-і күні басталды. Техникалық жағынан қиын болғандықтан, жоспар бойынша негізі 6 ай уақыт берілген. Біз бірақ оны 2,5 айда толығымен бітіреміз. Толығымен 8 техника, 30 адам жұмыс істеп жатыр.
Жергілікті билік: «Бірер жылдың көлемінде облыс тұрғындары 100% ауызсумен қамтылады», — дейді. Ол үшін 14 млрд теңгеге тең бірнеше жоба әзірленді.
Серік Төленбергенов, облыс әкімінің орынбасары:
- Өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту үшін 37 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл шамамен 39 мың адам тіршілік нәрімен қамтылады деген сөз. Негізгі қаражат республика қазынасынан және арнайы мемлекеттік қордан бөлінді.
Облыстағы ескірген су құбырлары да біртіндеп жаңартылады. Бұл мақсатқа 4,5 млрд теңге бөлінді. Жалпы өңірдегі ауызсу желісінің ұзындығы 3700 шақырымға жуық. Қазір оның 44%-і тозған.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Ботакөз Дандыбаева, Медет Өмірханов