Бұл жайлы ЮНИСЕФ-тің мамандары мәлімдеді . Зерттеуге зер салсақ, білім алушылардың 36 пайызы жұдырықтасады екен. Ал әр үшінші бала жылына бір рет соққыға жығалады.
Бұдан бөлек жаһан жұртын кибербуллинг те алаңдатып отыр. Қазақстандағы жағдай да жайлы емес.
Биылғы сегіз айда буллингке қатысты 237 іс тіркелді. Оның 219-ын сотта қаралды. Нәтижесінде 87 ата-анаға ескерту беріліп, 131 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 44 істе кінәлілер айыппұл арқалады. Олар 1 655 000 теңге төлем ақы төледі.
Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 2022 жылы буллинг ұғымы заңнамаға енгізілді. 2024 жылы буллинг жасағаны үшін айыппұл, жазалау ұлғайтылып, жауапкершілік ұлғайды. Сонымен қатар мектеп қабырғаларында, оқу орындарында апта сайын, өзін-өзі қорғау, қауіпсіздік тақырыптарында сабақтар өтеді. Сондай-ақ Бас прокуратураның Telegram каналдары бар. Оған да жазып, жүгініп, тиісті уақыттарында дереу көмек алуға болады.
Өзгені келемеждейтіндердің көбі бозбалалар. 12 мен 16 жас аралығындағы оқушылар арасында бұл өте өзекті. Ендеше асықпай ашып айтайық. Буллинг — біреуді кемсіту, күш көрсету, ортадан оқшаулау. Оны оқушылардың өзі айтып отыр.
Баян Көпбаева, Астана қалалық №110 орта мектебінің педагог-психологі:
- Бала өзінің бойындағы кемшілігін жасыру мақсатында өзін-өзі бағалау төмен, басқалармен салыстырмалы түрде төмен санаған соң, өз ортасында үстемдік көрсетеді. Басқаларға сөзбен болсын, физикалық болсын, күш көрсетіп, өз орнын табуға тырысады.
Құқықбұзушылық күн сайын көбейіп һәм түрленіп келеді. Әсіресе әлеуметтік желіде әлімжеттік жасап, кекетіп, мұқататындар көп.
Баян Көпбаева, Астана қалалық №110 орта мектебінің педагог-психологі:
- Буллингтің түрлері көп. Бірнеше түрін қарастыруға болады. Оның ішінде көп жағдайда күш көрсету, яғни физикалық буллинг болып табылады. Ал психологиялық, ол — сөзбен қысым көрсету, шектеу. Яғни «игнор» дейді ғой. Адамды бөліп, жару, елемеу. Ол да балааға кері әсер етеді және көп тараған — кибербуллинг.
Енді не істемек керек? Айтайық, алда тараптар бала тәрбиесінде бірігіп іс қылуға бейіл. Мәжіліс мінберінде олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа заң жобасы жасалып жатыр.
Құжатта баланың қауіпсіздігі мен қателігіне мектеп пен ата-анадан бөлек, тұтас қоғам жауапты делінген. Яғни мыңмен жалғыз алыстым, кіне тақпа деуге болмайды.
Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мысалы, бұрындары мемлекеттік органдар көбінесе жұмыс істеген болса, жаңа заң жобасында бала қауіпсіздігі бағытында жұмыс істейтін, тартылатын санаттар, субъектілердің саны ұлғайтылады. Бұрын 13 субъект болса, қазір 26 субъект болады. Ол қоғамдық бірелестіктер, ұйымдар, ата-ана, мектеп, бала жалпы орта. Мемлекет пен қоғам бірлесіп жұмыс істейтін болады.
Сондай-ақ кибербуллингтің алдын алу үшін әлеуметтік желідегі жауапкершілік күшейтіліп, кейбір медиа контенттер мен ойын түрлеріне шектеу қойылады. Себебі сол бала көргенін жасайды.
Баян Көпбаева, Астана қалалық №110 орта мектебінің педагог-психологі:
- Оқушылар қазіргі кезде вертуалды әлемде көп уақытын өткізеді деп айтып жатырмыз ғой. Сол вертуалды әлемде ойын ойнайды, ал ойындарда көбінесе атыс-шабыс, қатігездік көрсету. Сол жерде ойнап отырып, жаман сөздерді пайдаланып, көрген атыс-шабыс болсын, қатігездік болсын, кейін өзінің ортасында емін-еркін пайдалануы мүмкін.
Қош, сайып келгенде қоғамдық сана түзелмей, жағдай жақсармайды. Оқушыларға түсіндірме жұмыстары жалғаса береді. Буллингке қарсы жаңа заң жобасы да жазалауды емес, жауапкершілікті ұғындыруға басымдық бермек.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Диас Қобланбаев