Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті матчында Лихтенштейн командасымен кездесіп, 4:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ қазақстандық футболшылар басымдық танытып, жылдам гол соғуға ұмтылды. 26-минутта Ғалымжан Кенжебек қарсыластар қақпасы маңында бірнеше ойыншыны алдап өтіп, алыстан бағыттаған добын дәл торға түсірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Біраз уақыттан кейін сол Кенжебектің пасынан кейін Бахтиёр Зайнутдинов есепті еселей түсті.
Екінші таймда да біздің құрама шабуыл қарқынын бәсеңдетпеді. 57-минутта Ғалымжан Кенжебек дубль авторы атанса, 81-минутта Әлібек Қасым соңғы нүктені қойды.
Осылайша Қазақстан құрамасы үш ойыннан кейін алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, жеңілістер сериясын үзіп отыр.