Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында көп бейінді аурухана қолданысқа берілді.

200 мыңдай адам тұратын елдімекенде мұндай емдеу мекемесі алғаш рет салынып отыр. Бұған дейін тұрғындар басы ауырып, балтыры сыздаса Ақтауға баруға мәжбүр болған. Медициналық нысанға осы өңірде жүрген Парламент Мәжілісінің депутаттары барып, қызметімен танысты.

Жаңа көп салалы ауруханада операция залдары, терапия, перзентхана, зарарсыздандыру, балалар бөлімшесі және оңалту орталығы бар. Әрқайсысы соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған. Марал Азатқызының тізе буынына жуырда күрделі операция жасалған. Бірнеше күннен бері емдік-сауықтыру массаждарын қабылдап келеді.

Марал Азатқызы, Маңғыстау ауылының тұрғыны:

- Бүгін міне алтыншы күн. Емдеудің түрлері өте көп. Бұл клиниканы мен айтар едім, облыс бойынша теңдесі жоқ. Керемет ем-дом өткізіп жатыр, соның ішінде гидромассаж, жалпы массаж, мына емдік физкультура бар. Емнің нәтижесін көріп отырмын. Ризамын өз басым.

Жанар Сәриева, оңалту орталығының меңгерушісі:

- Қазіргі таңда бізде 25 кереует-орын бар. Оның ішінде инсульттан кейінгі пациенттерді емдейміз, оңалту процесі. Травмадан кейінгі жағдайлар және мына омыртқаның грыжа-протрузиясы деп айтамыз. Және балалардағы целебралды паралич, бұл біздің халыққа өте тиімді. Өйткені бұрында біздің ауданда мүлдем болған жоқ. Бәрін біз қалаға жіберетінбіз.

200 мыңдай тұрғыны бар Мұнайлыдағы жаңа аурухана өңірдің өзге де елдімекендеріне керек. Соңғы жылдары Ақтауда көпбейінді аурухана салу қажеттілігі күн тәртібінен түспей келеді. «Аmanat» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Маңғыстауда денсаулық сақтау ұйымдары мен білікті мамандарға сұраныстың жоғары екеніне тоқталды.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әлі де шешілмей жатқан түйткілді мәселелер бар. Ақтау қаласының өзінде әлі күнге дейін қалалық аурухана жоқ. Бұл да қажет дүние деп есептейміз. Себебі қала өсіп бара жатыр. Яғни халыққа көрсетілетін қызмет те екі есе өсуі керек. Сондықтан бұл да шешілуі керек мәселе. Мұнымен де айналдысатын боламыз, жобасын жасақтау керек жергілікті билік.

Бекболат Ізбасаров, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бізде ең қажетті медициналық ұйымдардың тізімін жасақтаған болатынбыз. Оның ішінде ең бастысы Ақтау қаласында көпбейінді ауруханасын салу және балаларға арналған көпбейінді аурухана салу болып табылады. Біздің жоспар бойынша 2027 жылдың ішінде салып болуымыз керек. Потенциалды инвесторды тауып отырмыз. Қазір сол мекемемен келіссөз жүргізіліп жатыр.

Қазір облыста 250 дәрігердің орны бос. Әсіресе жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатр, хирург, анестезиологтардың жетіспеушілігі айқын сезіледі. Олар өзге өңірлерден шақыртылып жатыр. Ауылға баратын ақ халатты мамандарға 8,5 млн теңге, Ақтау немесе Жаңаөзенді таңдағандарға 3-5 млн теңгеден бір реттік көмек беріледі. Сонымен бірге биыл аймақта медицина қызметкерлеріне арналған 50 пәтер сатып алынады.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев