Биыл Си Синхайдың дүниеге келгеніне – 120 жыл.
Алматыда белгілі Қытай композиторы Си (Сянь) Синхайдың ескерткіші қайта ашылды. Биылғы сәуірден бері ескерткіш пен ол орналасқан алаңда жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын.
Ескерткіштің қайта ашылу рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы әкімдігі, Қытайдың Алматыдағы бас консулдығының өкілдері және өзге де қонақтар қатысты.
"Қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов пен Си Синхайдың достығы қазақ және қытай халықтарының достығының символы болып саналады. Біздің қазіргі жастардың да бұл оқиғаны жақсы білетіні қуантады. Кеше осы алаңға келгенімізде демалып отырған жастарды көрдік. Олардан ескерткіш туралы сұрағанымызда, көбінің ұлы сазгерлерді жақсы білетіні және Си Синхайдың өмірі туралы "Композитор" фильмін көргенін біліп, көңіліміз толды. Бұл ескерткіш тек Си Синхайға ғана құрмет белгісі емес, алматылықтардың мәдени-рухани қоғамдық кеңістігіне айналды", – деді Қытайдың Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй.
Еске салайық, Алматыда Си Синхайдың ескерткіші 1999 жылы орнатылған болатын. Биылғы сәуірде ескерткіш пен оның аумағы қайта жаңғыртылатыны белгілі болды.
Биыл Си Синхайдың дүниеге келгеніне – 120 жыл. Ол 1940 жылы "Ян’ан және Сегізінше армия" фильмінің музыкасын жазу үшін Кеңес Одағына келіп, алайда Ұлы Отан соғысы басталған соң Қытайға қайта алмай қалған. Шыңжаң арқылы қайтпақ болған ол Алматыда тұрақтап қалады.
Мұнда ол қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен дос болып, "Ұлттың азат етілуі" және "Қасиетті соғыс" атты симфонияларын, "Аманкелді Иманов" симфониялық поэмасын, "Бүкіл өзен қызыл тартты" және жел мен ішекті аспаптарға арналған "Қытай рапсодиясы" атты сюиталарын жазды. Бірақ, ауыр науқасқа шалдығып, 1945 жылдың қазанында Мәскеу Кремлінің ауруханасында 40 жасында қайтыс болды.
1999 жылы Си Синхайдың құрметіне Алматыда ескерткіш орнатылды. Қалада Си Синхай мен Бақытжан Байқадамов көшелері бар, олар өзара қиылысады.
Оқи отырыңыз:
Алматыда Қытай композиторы Си Синхайдың ескерткіші жаңғыртылады
Гурдэ, Ашимбаев, Си Синхай. В честь кого названы небольшие алматинские улочки