Қырық жыл бойы күрек тимеген Жамбыл облысындағы Фурманов каналын аршу жұмыстары басталды. Айналма канал Шудың суын Түркістан облысындағы Созақ ауданына жеткізеді. Ұзындығы 120 шақырым. Ал секундына 50 текше метр су өткізе алады. Дегенмен топырақ басып қалғандықтан, бұл әлеуетін толық еңсере алмай келеді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметі бойынша тазалау жұмыстары биыл аяқталады.
Мәселен, елде ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының екінші кезеңі жүріп жатыр. Бұл кезеңде 74,5 мың гектар жерге су жеткізіледі.
Суармалы су шығыны 360 млн текше метрге кемиді
Жоба аясында суармалы алқаптағы су шығыны жылына 193 млн текше метрге кеміді. Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы 11 нысанда жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде Жамбыл облысында екі нысан қолданысқа берілді. Бұл нысандар 10 мың гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз етеді. Қызылорда облысында 15 100 гектарға су беретін нысан жақында іске қосылмақ.
Жалпы осы уақытқа дейін жоба шеңберінде 3065 шақырым канал, 1280 шақырым коллектор мен 26 мыңнан астам гидротехникалық құрылым қайта жаңғыртылды. Бұдан бөлек, дренаж ұңғымалары жөндеуден өтті.
«Жобаны толық іске асыру суармалы су шығынын жылына 360 млн текше метрге дейін кемітуге және трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ каналдардың тиімділігі 40-70% дейін артады. 105 мың гектар жер сумен қамтамасыз етіліп, жергілікті тұрғындар үшін 20 мыңға дейін тұрақты жұмыс орны ашылады» — Нұрбек Серіков, ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары.
59 мың га алқапта үнемдеу технологиясы енгізілді
Жобаның екінші кезеңі жылдың соңына қарай аяқталады. Қазіргі уақытта 8 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы екінші кезең нәтижесінде 74,5 мың гектар жерді сумен қамту сапасы жақсарады. Ал елдің оңтүстігіндегі 59 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиясы енгізілді. Оның ішінде 15 500 гектар жаңбырлатып суару, 29 400 гектар тамшылатып суару жүйелері бар. Ал 14 100 гектар жер лазерлік құрылғымен тегістелді. Былтыр ел бойынша шамамен 158 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілді. Мұнда оңтүстіктегі алқаптар көлемі 130 мың гектарға жетті.
«Былтырдан бері фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуы мен орнатуына кеткен шығынының өтемақысы 30% артты. Сонымен қатар суармалы суға сараланған субсидиялар енгізілді. Су үнемдеу жүйелерін қолданатын шаруалар үшін субсидия көлемі 60%-тен 85%-ке дейін ұлғайды. Бұл технологияларды қолдану суды 30%-ке дейін үнемдеуге мүмкіндік береді» — Берікбол Мәндібаев, ҚР СРИМ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры.
Сәтбаев каналын жаңғырту басталды
Былтырдан бері елдегі ірі су нысандарында жөндеу жұмыстары қолға алынды. Ал биыл Сәтбаев каналын жаңғырту басталды. Жоспарға сәйкес канал бойындағы 19 сорғы жаңартылады. Бүгінде 5 трансформатор жеткізілді. Бұлар жыл соңына дейін құрастырылып, іске қосылады. Ал келесі жыл соңына дейін 17 транфсорматор алу көзделіп отыр. Жаңғырту шаралары 2028 жылға дейінгі жол картасы бойынша жүргізіледі. Сәтбаев каналы Қарағанды мен Павлодар облыстары және Астанаға ауызсу береді. Ұзындығы 458 шақырым.
«Суға сұраныстың артуына байланысты министрлік каналды реконструкциялау жұмыстарын бастады. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде елді мекендер мен өндірістік кәсіпорындарды сумен жабдықтау сапасы жақсарып, нысан ұзақ әрі қауіпсіз қызмет етеді» — Ерболат Ибрайханов, ҚР су ресурстары және ирригация вице-министрі.
Су қауіпсіздігімен қатар салаға маман даярлауға көңіл бөліне бастады. Шетелдік ұйымдармен байланыс жолға қойылды. Мәселен, осыған дейін қазақстандық 60 адам Қытайда оқып келді. Жыл соңына дейін тағы 60 маман барады. Бүгінде отандық кадрлардың біліктілігін арттыратын орта мерзімді оқу жоспарын әзірлеу қолға алынды.