Ақмола облысында «Зиялы қауым» жобасы аясында ауылдардағы қылмыс 22 пайызға дейін азайды. Мәселен, Атбасар ауданының Шуйское ауылында соңғы бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Өйткені ауылда ақсақалдар алқасының қоғамдық бақылауы бір жүйеге қойылған. Бұл жұмыс нәтижелі болып, Президент тарапынан да жоғары бағаланды.
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
Шуйское ауылы – өңірдегі қауіпсіз ауылдардың бірі. Мұнда мәдениет ошағы, спорт кешені, стадион, балалар ойын алаңы дейсіз бе, жайлы өмір үшін қажеттінің бәрі бар. Қаздай тізілген біркелкі жаңа үйлерді жергілікті шаруашылық 2021-жылы сала бастаған. Ең бастысы, ауыл тұрғындарының ұйқылары тыныш. Себебі, елді мекен ұрлық-қарлық, қылмыс атаулыдан ада.
Ауыл тұрғындарының заң бұзуға уақыттары да жоқ. Егін мен мал шаруашылығы қатар дамыған елді мекенде барлығы жұмыспен қамтылған. Көшеде тазалық пен тәртіпті еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қатаң сақтайды.
Ажар Қажымұратова, Шуйское ауылының тұрғыны:
Осы ауылда ешқандай қауіп жоқ деп үлкен сеніммен айта аламын. Біз тіпті, кейде үйімізді құлыптамай да, жұмысқа шығып кетіп жатамыз. Бұл да халықтың бір-біріне деген сенімі.
700-ден аса тұрғыны бар ауылда 200-дей камера орнатылған. Бұл учаскелік полиция инспекторына ауылдағы тәртіпті бақылауға үлкен көмек.
Бағдат Өтеуов, учаскелік полиция инспекторы:
Бізде қоғамдық көмекші деген бар. Ақсақалдармен кешкі кезекшілікке шығып, бәрін қарап отырамыз. Қылмыс, әкімшілік бұзушылық болмасын дейміз. «Зиялы қауым» бағдарламасы аясында ақсақалымыз жастармен сөйлесіп, кеңестерін береді. Ұрлық жасамауға, профилактикалық жұмыс жасауға, көмектесіп, жұмыс істейміз.
Шуйское ауылында мықты тәртіп орнығуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан ақсақал Еркебай Байжігітов жуырда Президенттің алғысына бөленсе, бүгін облыс әкімінің марапатына ие болды.
Еркебай Байжігітов, Шуйское ауылының ақсақалдар кеңесінің мүшесі:
Біздің ауыл таза, бір-бірімізге сенеміз, тәртіп бар. Үйлерімізді құлыптамай кетеміз. Осы өткен 5 жылда біздің ауылымызда ешқандай қылмыс болған жоқ. Ақсақалдармен бірге үйлеріне барып жүрміз, ақылымызды айтамыз.
Облыста 500-ге жуық елді мекен болса, соның 98-інде соңғы 4-5 жылда бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген. Бұл ауыл тұрғындары мен учаскелік полиция инспекторларының бірлескен жұмысының нәтижесі.
Бибінұр Әмірханқызы