Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Римде иығына ота жасатты. Спортшы қазіргі жағдайы туралы айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мені уайымдап, алаңдаушылық білдіріп жатқандарыңызға рақмет! Италияның Рим қаласында иығыма ота жасатқаным рас. Аллаға шүкір, бәрі жақсы өтті. Өздеріңіз бұрыннан білесіздер Олимпиадаға дейін де иығымның жарақаты, ұсақ жарақаттарым жиі мазалайтын. Қазір денсаулығыма толық көңіл бөлгенді және толық ем қабылдағанды жөн көрдім", — деді дзюдошы.
Елдос Сметов татамиге қашан оралатыны жайлы айтты.
"Алла жазса, 2-3 айдан кейін жаттығу, ал жарыстарға келесі жылдың басында қосылуға ниеттімін. Карьерасын аяқтады деп сүйіншілегендерге де сәлем жолдаймын. Мен әлі татамиге шығып күресемін" — деп жазды Олимпиада чемпионы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!