Мемлекет басшысы заң да, сот та әділ болуға міндетті деген пікірде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пробациялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алуға тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біз қазір қылмыстық жаза саясатын мейлінше ізгілендіруге, жетілдіруге баса мән береміз, яғни бас бостандығынан айырудан бөлек жаза түрлеріне басымдық беріледі. Бұл пробация қызметіне анағұрлым көп салмақ түседі деген сөз. Сондықтан аймақ әкімдері осы салада жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік жағдайын біртіндеп жақсарту жолдарын қарастыруы керек. Сондай-ақ пробациялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алу қажет", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, пробациялық бақылауды тиімді жүргізуге септігін тигізетін цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізген жөн.
"Жалпы, біз кез келген мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек. Қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты тек жазалау деген түсініктен арылу қажет. Қателік жасап, қамауға түскен адамды жаншып, басып тастауға тырысу – дұрыс емес, біз ондай адамның тура жолға түсіп, түзеліп кетуіне қол ұшын беруіміз керек. Бәріміз бір ел болып өркениетті, озық және әділетті қоғам құрып жатырмыз. Заң да, сот та – әділ болуға міндетті. Бұл – мызғымас қағида", – деді Мемлекет басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ қызметкерлерін Полиция күнімен құттықтағанын жазған едік.