АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға 2 апта уақыт берді. Осы аралықта Тегеран ядролық бағдарлама бойынша келісімге келуге тиіс. Болмаған жағдайда АҚШ әскери күш қолданатынын ашық ескертті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливиттің айтуынша, президент Трамп Иранмен жақын арада келіссөз жүргізуге бейіл. Сондай-ақ, ол Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізу қаупі әлі де бар екенін мәлімдеді.

Конституцияға сай АҚШ-та тек Конгресс соғыс жариялауға құқылы. Яғни Президент өз бетінше шешім қабылдай алмайды. Демек дәл қазір Ақ үй басшысының Иранға қарсы әскери операция бастауға мандаты, яғни билігі жоқ.

"Иранның ядролық қару жасауға қажет барлық мүмкіндігі бар. Оларға тек Жоғарғы көшбасшының шешімі ғана керек. Бұл қаруды жасап шығуға бірнеше апта ғана жетеді. Ал бұл Израильге ғана емес, сондай-ақ Америка Құрама Штаттарына және бүкіл әлемге үлкен қауіп төндіреді", — деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget