KAZMEDIA HOLDING компаниясы New York Times Licensing-нің Turning Points басылымының жергілікті нұсқасын лицензиялау туралы ұзақмерзімді келісім жасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

«KAZMEDIA HOLDING» ЖШС New York Times Licensing-нің Turning Points – жаһандық трендтер мен идеялар туралы лицензиялы журналын Қазақстанда алғаш рет қазақ және орыс тілдерінде шығару туралы ұзақ мерзімді лицензиялық келісімге қол қойды.

Turning Points бүгінгі әлемді қалыптастыратын идеяларға, күштер мен серпілістерге қатысты өзінің бірегей көзқарас-пікірін бөлісетін жаһанға танымал авторлардың мақалаларын қамтиды. Басылымның жергілікті нұсқасы осы пікір-толғамдарды жылдам өзгеріп жатқан әлемдегі Қазақстанның жағдайында өзекті болатын мазмұнмен толықтыра отырып, жаңа аудиторияға ұсынады.

KAZMEDIA HOLDING осындай бірегей редакциялық платформаны елімізге әкелгенін мақтан тұтады. Бұл әріптестік – қоғамдық пікір алмасу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді, қазақтілді аудиторияны жаһандық талқыға тартуды және жергілікті көзқарас пен пікірлерді қамти отырып, Қазақстанды халықаралық диалогтың бел ортасына шығаруды көздейтін маңызды қадам, — дейді бас директор Еркін Жақыпов.

Қазақстанда New York Times-тың Turning Points журналы жарық көреді

The Times-тың жаһандық лицензиялау және баспа инновациялары бөлімінің басшысы Майкл Гринспон:

New York Times Licensing Group жыл сайынғы Turning Points жарияланымы бойынша KAZMEDIA HOLDING-пен жұмыс істеуге қуанышты. Біз түрлі марапат иеленген журналистикамызды жаңа жаһандық оқырмандарға жеткізу жолдарын үнемі іздестіріп отырамыз. Бұл жоба біздің аудиториямызды кеңейтуге көмектеседі.

Қазақстанда New York Times-тың Turning Points журналы жарық көреді

Жергілікті нұсқаның алғашқы шығарылымын таныстыру 2025 жылдың соңына жоспарланған. Журналдың бұл саны бизнес, технология, білім, қоғам, экология және көшбасшылық салаларында 2026 жылы өрбитін жаһандық трендтерге арналған.

Таныстырылым Turning Points рухындағы ауқымды форум форматында ұйымдастырылып, Қазақстан мен өзге шетелдерден келген жетекші спикерлердің пікірлесу алаңына айналады.

KAZMEDIA HOLDING ЖШС – Қазақстандағы баспа ісі, білім беру және халықаралық медиа серіктестік салаларында орнықты портфолиосы бар жетекші медиакомпаниялардың бірі. Компания National Geographic басылымының қазақ тіліндегі эксклюзивті лицензия иесі ретінде жоғары сапалы контент ұсынатындығымен де танымал.

Компания 2025 жылы Harvard Business Publishing ұйымымен көшбасшылық пен бизнес дағдыларын үйретуге арналған әлемдегі ең беделді цифрлық оқыту платформаларының бірі — Harvard ManageMentor-ды Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан нарықтарында іске қосу туралы келісім жасады.

The New York Times – тәуелсіз журналистикасымен, жаһандық ауқымымен және шынайылық пен терең сараптамаға деген адалдығымен ерекшеленетін әлемдегі ең ықпалды әрі сенімді ақпарат құралдарының бірі. 170 жылдан астам тарихында Пулитцер сыйлығын ең көп иеленген басылым. Ол егжей-тегжейлі репортаждары мен өзекті пікірлері арқылы қоғамды ақпараттандыруда маңызды рөл атқарып келеді.