Елімізде бедеулік диагнозымен есепте тұрғандар саны 3 есе артқан. 2019 жылы шамамен 10 мың болса, 2023 жылы 29 мыңға жуықтаған. Көпшілігі әйелдер. Ерлердің саны өте аз. Тізімде 102 азамат қана тұр. Мамандардың айтуынша, еліміздегі бедеулік деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен бірдей . Қазақстандағы жұптардың 16-17 пайызы бала көтеруде қиындыққа тап болатын көрінеді.

Сәби сүйе алмай жүргендердің көбі алматылықтар. Мегаполистегі 4200 адам ата-ана атануды армандайды. Одан кейін Астана қаласында 2600 және Жамбыл облысында 2500 тұрғын ұрпағын жалғастыратын ұл-қызға зар болып жүр. Дегенмен мемлекеттік «Аңсаған сәби» бағдарламасы біршама адамның балалы болуына септігін тигізді. Соңғы 30 жылда 140 мыңнан астам жұп ұрықтандыру эко әдісі арқылы емделіп, 39 мың сәби дүниеге келген. Бұл туралы Қазақстан отбасылары ұлттық баяндамасында жазылды.

Ернұр Медет