Ұлытау облысында жыл соңына дейін 14 жаңа медициналық нысан пайдалануға беріледі , деп хабарлайды 24KZ. Ауылдық жерлерде жаңа медициналық бекеттер, ауруханалар мен фельдшерлік пункттер жұмыс істейді. Облыстағы көпсалалы ауруханаға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ұлытау облысындағы мемлекеттік емдеу мекемелерінің 50%-тен астамы әбден тозған. Өңірдегі ауруханалардан бастап медициналық пункттер мен емханалардың дені жаңғыртуды қажет етеді. Олардың кейбірі ашылғаннан бері мүлдем жөндеу көрмеген. Сондықтан тұрғындар ауылдық жерлерге заманға сай жаңа медициналық нысандар қажет екенін айтады.
Серік Әшірбеков, Кеңгір ауылының тұрғыны:
- Жасымыз 87-ге келді, енді қартайғанда сонау Жезқазғанға барып, кезекке тұрғанша осы жерден ауруханаға көрсінсек дейміз. Негізі аурухана халық үшін керек қой. Мына жерден жай дәрігер жолдама береді. Сонымен Жезқазғанға барамыз, емханаға көрінеміз. Жезқазғаннан гөрі біздің Кеңгірде болса, бізге рақат болар еді деп ойлаймыз. Қартайғанда бізге аурухана керек, жүріп-тұруымыз да қиындап бара жатыр. Соған көңіл бөлсе дейміз.
Кеңгір ауылының тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында жаңа дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Жыл соңына дейін облыста дәл осындай 14 медициналық мекеме пайдалануға берілмек. Ауылдық жерлерде медициналық пункттер, аурухана, фельдшерлік-акушерлік бекеттер ашылады. Жаңа нысандар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында іске асырылып жатыр. Қалалық ауруханалардың ғимараты да күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Сабина Ниязова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Сәтбаев қалалық емханасы мен облыстық психикалық денсаулық орталығын және облыстық фтизиопульмонологиялық диспансерді күрделі жөндеуден өткізу үшін барлық жобалық құжаты әзірленді. Сондай-ақ мекемелерімізді материалдық-техникалық базамен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы ауылдық жерлерге қажетті 4 жедел жәрдем көлігін сатып алдық. Биыл тағы 3 көлік сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ санитарлық авиация үшін жоғары жылдамдықты 2 көлік сатып алмақпыз.
Сондай-ақ биыл Жезқазған қаласындағы облыстық көпсалалы ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Іргелі ғимарат тапсырылғалы бері жөндеу көрмеген. Қайта құру жұмыстары 3 жылға жалғасады. Оған облыстық бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Ғабиден Аханов, облыстық көпсалалы аурухананың директоры:
- Қазір 9-шы қабатта бір бөлімде жұмыс басталды. Ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Күрделі жөндеуге бөлімдердің ішкі жұмыстарын, есігін, құбырларын ауысытру, сосын ішкі жұмыстары – барлығы толығымен жасалады. Операциялық блоктарға, лифт алаңына, баспалдақтарға ремонт жасалады. Биыл қабат-қабат бойынша жұмыстарды істейміз.
Бұдан бөлек, онкологиялық диспансер мен гинекологиялық бөлімше орналасатын жаңа аурухана ғимаратын салу жоспарланып отыр. Оған қажетті жер телімі бөлініп, жобалық құжаттары әзірлену үсінде. Сондай-ақ қалада демеушілердің қаржысы есебінен консультативтік-диагностикалық орталығы бар заманауи дәрігерлік амбулатория салынбақ.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Елизавета Шалина, Нұрбол Үздікбаев, Гульшахира Серікбаева