Елордада Сенат жанындағы Талдау мектебі және Harvard Alumni Kazakhstan компаниясының бірлескен оқыту курсы басталды.

Жобаға Coventry University қолдау көрсетті. Алғашқы дәрісті Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев оқыды. Ол қатысушыларды құттықтап, екі апталық курс тұрақты сарапшылар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған нақты қадам екенін атап өтті. «Адал Азамат» тұжырымдамасына негізделген бұл бастама — әр саладағы мамандардың өз білімдерімен бөлісуге, тәжірибе алмасуға, сол арқылы құндылықтардың дұрыс жүйесін дәріптеуге арналған. Екі апта ішінде тыңдаушылар Гарвард келіссөздер мектебінің әдістемесімен стратегиялық жоспарлау, менеджмент және әртүрлі коммуникация үлгілерін құру дағдылары бойынша білімдерін жетілдіреді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Әлемдегі жетекші университеттердің бірі – Гарвардтың түлектері өз білімдерімен бөлісіп, ашықтық пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптейтін осындай бастамалардың маңызы зор. Бұл құндылықтар Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған «Адал Азамат» тұжырымдамасының да негізі екенін атап өткен жөн. Сарапшылар клубы және Талдау мектебі, жалпы Taldau Community сияқты жобалардың өзегі осындай бағдарларға табан тірейді. Біздің басты мақсатымыз – білім беру ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасатын тың ойлар мен идеяларға жол ашатын және қоғамдағы оң өзгерістерге ықпал ететін интеллектуалды қауымдастық қалыптастыру.