Елімізде ішкі нарыққа тауар биржаларынан тыс жеткізілетін сұйытылған газдың бағасы алдағы уақытта тұрақты болып қалады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қол қойған жаңа бұйрыққа сәйкес, шекті көтерме баға 2026 жылдың 30 маусымына дейін өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осылайша, отынның бір тоннасы үшін бекітілген 59 722 теңге (ҚҚС-сыз) мөлшеріндегі баға алдағы кезеңде де сақталады. Бұл шешім елдегі энергетикалық ресурстардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
«Бұйрық «Газ және газбен жабдықтау туралы» және «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңдардың негізінде қабылданды. Баға сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа тауар биржаларынан тыс жеткізу жоспары аясында белгіленді», делінген құжат мәтінінде.
Айта кетейік, бұйрықтың орындалуын қадағалау салаға жауапты вице-министрге жүктелді. Құжат ресми түрде 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Энергетика министрлігі бензин мен газ бағасына қатысты шағымдарды қабылдайтын арнайы желі ашқан болатын.