Президент еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән беретінін айтты, деп хабарлайды Ақорда.


«Орталық Азияда қуатты агроөнеркәсіп кешені бұрыннан бар. Сондықтан аймақ жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқара алады.

Қазақстан Жапонияның ресурс үнемдеу технологиясына, шөлге төзімді дақылдар селекциясына, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытады.

Осы орайда орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон ғалымдарының және сарапшыларының қатысуымен Зерттеу платформасын құруды ұсынамыз.

Астанада қолданбалы ғылымдар саласында ғалымдар мен зерттеушілердің алғашқы кездесуін «Орталық Азия – Жапония» форматында ұйымдастыруды ұсынамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Қазақстанның JICA агенттігінің Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайтынын еске салды.

«Ауыл шаруашылығының дамуы су қауіпсіздігімен тікелей байланысты.

Орталық Азия қазірдің өзінде су тапшылығын сезініп отыр. Соңғы жиырма жылда өңірде жан басына шаққанда сумен қамту көлемі шамамен 30 пайызға төмендеді. Оның үстіне су ресурстарының 70 пайызға жуығы – трансшекаралық.

Каспий теңізінің тартылуы алаңдаушылық туғызады, ал Арал экологиялық апаты су ресурстарын ретсіз пайдаланудың салдары қандай қайғылы болатынын көрсетті.

Қазақстан Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайды әрі аталған беделді институтпен ықпалдастықты жалғастыруға ниетті», деді Президент.

Мемлекет басшысы Жапонияның су саласын автоматтандыру және цифрландыру тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты.

«Су үнемдеудің озық технологияларын алмасу, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және Жерді қашықтан зондтау секілді аса маңызды шаралар қамтылатын Бірлескен су шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеуге болар еді.

Қазақстан БҰҰ аясында жаңадан UN Water халықаралық ұйымын құруды ұсынды. Бұл су проблематикасымен айналысатын басқа да құрылымдардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстырады.

Жапондық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін, кәсіпкерлер мен сарапшыларды келесі жылы сәуір айында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырамыз», деді Қазақстан басшысы.