Жетісу облысының Сұптай ауылында қайтарылған активтер есебінен мектеп салынып жатыр. Ауыл балалары қазір ескі, тар ғимаратта білім алып жүр. Келесі жылы тапсырылуы тиіс жаңа ғимаратта оқушылар үшін бар жағдай жасалған . Бұл өңірдегі қайтарылған қаржыға салынып жатқан екінші нысан.

Сұптай ауылындағы мектептің құрылысы маусым айында басталды. 120 оқушыға арналған ғимарат 4 бөліктен тұрады. Ақпан айында тапсырылуы тиіс нысан құрылысының 80 проценті аяқталған.

Рүстем Жақашбаев, мердігер мекеме өкілі:

- Екі аптада монолиттік жұмыстарды аяқтаймыз. Одан кейін екінші және үшінші қабатының кірпішін қалаймыз. Есік, терезелерін салған соң жылу жүйесіне қосып, ішкі жұмыстарын жалғастырамыз.

Ал, әзірге ауыл балалары бұрыңғы балабақша ғимаратында білім алып жатыр. Сексенінші жылдары тұрғызылған мекемеде спорт және акт залы деген атымен жоқ. Бұл мәселені ата-аналар талай рет көтерген.

Советхан Мамаева, ауыл тұрғыны:

- Арманымызға жеттік. Мектеп салынып жатыр. Қуаныштымыз. Енді амандықпен сол мектепке жетсе, балаларымыз кең жарық мектепте оқыса қуанышты едік.

Шолпан Рыспаева, мектеп директорының орынбасары:

- Мектеп бітірушілері жыл сайын мемлекеттік грант иегерлері болып жатыр. 80-90 пайыз, мысалы 15-13 бала бітірсе соның 10-11 мемлекеттік грант иелері. Мектебіміздің сапалық құрамы өте жоғары. 46,7 пайызды құрайды. Үш зерттеуші, 11 сарапшы 14 модератор мұғаліміміз бар. Екі жас маманымыз бар.

Биыл Панфилов ауданындағы Талды ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Шекаралы аймақта алдағы жылы да бірнеше білім ошағы бой көтереді.

Райгүл Қарабалаева, Панфилов аудандық білім бөлімінің аға әдіскері:

- Келесі жылы екі мектеп салу жоспарлануда, Ол Сарытөбе аулыныдағы Сарытөбе мектебі және Садыр ауылындағы Садыр орта мектебі. Және бізде төрт мектеп күрделі жөндеуден өтеді СКЛ Панфилов ауданымызда 46 орта мектеп, бір негізігі мектеп екі бастауыш мектеп. Осы мектептерде 2760 бала білім алып тәрбиеленуде.

Жетісу облысында білім беру инфроқұрылымын қолдау және арнайы мемлекеттік қор арқылы 4 мектеп құрылысы қолға алынған. Осы ұйымдардың қаржыландыруымен өңірде 20 млрд теңгеге 29 әлеуметтік нысан салынып жатыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов