Владимир Зеленский делегациясы тағы Вашингтонға келіп, АҚШ президентімен кездесті.

Тараптар қару-жарақ, энергетика және соғыстың бейбіт аяқталуы жөнінде әңгіме өрбітіп, Ақ үйдің өзге кеңсесінде бас қосты. Украина тарабы Томагавк пен Пэтриот зымырандарын шығаратын америкалық әскери қару-жарақ компанияларымен де кездесіп, ынтымақтастықтың тың бағыттарын талқылады.

Зеленский мен Трамп биыл бесінші рет кездесті. Оның үшеуі Ақ үйде өтсе де Украина президенті әзірге дегеніне жетпеді. Томагавк зымырандарын Киев дәл қазір ала алмайтын болды. Оның себебін америкалық саясаткер былай деп түсіндірді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Томагавк – аса қуатты әрі қауіпті қару. Өте дәл, соғыстағы ең мықтылардың бірі. Біз оны Иранда да қолдандық. Бірақ мұндай қару жағдайды күрделендіріп, соғысты ұлғайтуы мүмкін. Сондықтан ел қауіпсіздігі үшін біз өзімізге де қажет қаруларды сақтауға тиіспіз.

Бұл сөздер Кремль пікірінің жаңғырығы іспетті. «Мәскеуге оңай жететін қанатты зымырандарды Вашингтон Киевке беруі мүмкін» дегенде бейсенбі күні Ақ үйдегі телефонға қоңырау келіп түскені баршаға мәлім. Путин мен Трамп 2 жарым сағат сөйлесіп, екі апта ішінде Венгрияда кездесуге уағдаласты. Сарапшылар мұндай бетбұрысқа дәл сол Томагавк зымырандары әсер етті дейді. Қарудың шынайы зардабымен қатар психологиялық қысымын Зеленский де тілге тиек етті.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Біз Томагавктар жайлы ашық сөйлестік. Бұл бізге өте қажет қару, ал америкалықтар тақырыпты түбегейлі жапқан жоқ. Ресейдің секем алатыны да содан – Томагавк өзіміздің қарумен бірігіп, жойқын күшке айналады. Сол себепті олар осы мүмкіндіктен шынайы қауіп күтіп отыр. Біз бұл бағыттағы жұмысты әлі де жалғастырамыз.

Зеленский Трампқа Украинада жасалған дрондарын да ұсынды. Томагавкты берсеңіз, біз де құр алақан емеспіз деп белгі берді. Әлемнің алпауыт державасы пилотсыз ұшқыш құралдардан да дәм етіп отырғанын айтып, Киевтің ұсынысына қарсы болмады. Кездесуден соң АҚШ президенті соғыстағы қос тарапты тағы да бітімге шақырып, майдандағы шепті одан ары қозғалтпауға үндеді. Ендігі кезек Будапешттегі кездесулерде болмақ.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг