Дархан Сатыбалды ауа сапасын бақылау мен заңсыз қоқыс орындарын жоюды тапсырды.

Дархан Сатыбалды: «Таза Қазақстан» – бұл қалаға күнделікті қамқорлық»

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына арналған жиын өтті. Кездесуде экологиялық күзгі айлықтың қорытындылары, жалпықалалық сенбілік пен санитарлық тазалыққа бағытталған рейдтер мен алдын алу шараларының нәтижелері талқыланды.

Экологиялық айлық барысында мегаполистің барлық сегіз ауданында сенбіліктер ұйымдастырылды. Әсіресе, арықтарды тазалауға, аялдамалар мен аулаішілік аумақтардың реттілігіне баса мән берілді.

Сонымен қатар, тұрғындар «Жасыл аула» атты экологиялық акцияға белсене атсалысып отыр. 18-19 қазан күндері аулалар мен көшелерді көгалдандыру мақсатында көшеттер таратылады.

Қала әкімі атап өткендей, «Таза Қазақстан» экологиялық бастама ғана емес, коммуналдық қызметтерді, аудан әкімдіктері мен қала тұрғындарын ортақ мақсатқа біріктіретін жүйелі жұмысқа айналды. Дархан Сатыбалды жауапты қызметтер арасындағы үйлесімділікті күшейтіп, тұрғындардан келіп түсетін өтініштер мен шағымдарға дер кезінде жауап беруді және экологиялық мәдениетті арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Алматы полиция департаментімен бірлесе отырып, экологиялық және әкімшілік заңнамалардың орындалуын қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылып келеді.

Жыл басынан бері қала аумағында жүзге жуық заңсыз қоқыс үйінділері жойылды. Олардың материалдары экология департаменті мен аудан әкімдіктеріне жолданып, тиісті шаралар қабылдануда. Қала аумағы тұрақты түрде бейнемониторинг арқылы бақыланып, мәліметтер Алматы полиция департаментінің жедел басқару орталығына жіберіледі. Әкімнің тапсырмасымен заңсыз сұйық қалдықтарды төгуге қарсы күрес те күшейтіліп отыр.

Дархан Сатыбалды атмосфералық ауаның сапасын арттыру, экологиялық мониторинг жүйесін дамыту және тұрғындардың қала тазалығын сақтаудағы белсенділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Әкім экология басқармасы мен полиция департаментіне рұқсатсыз қоқыс төгу, арық жүйелерін ластау сияқты экологиялық заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты рейдтер ұйымдастыруды жүктеді.