2023 жылы Астанада ем алған шетелдік пациенттер саны 2022 жылмен салыстырғанда төрт есе, ал 2024 жылы тағы екі есе артқан, деп жазады Egemen .kz.

Бұл туралы бүгін Астанада денсаулық сақтау, тұрақты даму және медициналық туризм мәселелеріне арналған форумда айтылды. Іс-шараға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, медициналық орталықтар, білім беру мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар және 30-ға жуық елшіліктің өкілдері қатысты.

«Қазақстан медициналық және сауықтыру туризмінің өңірлік орталығына айналуға бар жағдай жасалған. Ол үшін шетелдік пациенттерге қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттарын енгізу, клиникалар мен туроператорлар арасындағы байланысты күшейту және елімізді емделу мен оңалтудағы сенімді бағыт ретінде таныту қажет», деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Қазақстанға жиі ем іздеп келетін елдер арасында Қытай, Үндістан және Түркия азаматтары бар. Шара барысында медициналық туризмді дамыту және салалар арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында Туризм және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жиынға қатысушылар «Қазақстанның саламатты қалалары» желісін құру бастамасына ерекше назар аударды.

Форум соңында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова отандық медицинаның инновациялық жетістіктері мен технологиялары ұсынылған ірі медициналық орталықтар мен ұйымдардың көрмесін тамашалады.