Осы орайда дәрігерлер денеден тыс ұрықтандыруға квотаны көбейтуге шақырады. Сала мамандары жыл сайын бала туу көрсеткіші төмендеп жатқанын алға тартады.
Қазақстанның бас репродуктологы Вячеслав Локшинның айтуынша, статистика бойынша жылына 20 мың жұп «бедеулік» диагнозымен есепке тұрады. Олардың жартысына ем-дом жасап, дәрі-дәрмекпен көмектесуге болады. Ал қалғанына балалы болу үшін қосымша репродуктивті технологияларды қолдану керек. Професссордың сөзінше, 52% жағдайда отбасылық жұп ер адамдардың денсаулығына байланысты экстракорпоральды ұрықтандыруға жүгінеді.
Вячеслав Локшин, ҚР Денсаулық Сақтау Министрлігінің штаттан тыс бас репродуктологы, профессор:
Менің ойымша, экстракорпорпальды ұрықтандыруға квотаны бәріне бірдей беру керек. Өйткені кәсіби білікті мамандардың өзі бір процедурадан соң "бала болады" деп кепілдік бере алмайды. Қазіргі бағдарламамен бөлінетін жеті мың квота жеткіліксіз. Оның өзін алуға кедергі көп. Оларды алып тастау керек. Сондықтан мәселен, бес жыл бойы бала көтере алмай жүрген жұптарға автоматты түрде тегін ЭКҰ жасалу керек деп ойлаймын. Елде бала туу көрсеткіші онсыз да жыл сайын төмендеп барады.