Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлады .

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Маңғыстау облысындағы Солтүстік Өзен учаскесінде алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауды бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Биыл маусым айында ҚМГ Маңғыстау өңіріндегі осы күрделі жобаны игеру үшін жер қойнауын пайдалануға келісімшарт алған болатын. Құжатқа сәйкес, компания тереңдігі 2000 және 1650 метр болатын екі іздеу ұңғымасын бұрғылауы тиіс.

Жобаның операторы – ҚМГ-ның еншілес компаниясы "KMG Barlau" ЖШС. Бұған дейін аталған компания Солтүстік Өзен учаскесінде 400 шаршы шақырым аумақта толық көлемді 3D сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізген.

ҚМГ хабарлауынша, алғашқы іздеу ұңғымасының нәтижелері учаскенің геологиялық құрылымын нақтылауға және мұнай мен газ қорының әлеуетін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл – жобаны іске асырудағы маңызды кезең. Компания соңғы жылдары геологиялық барлау жұмыстарын өз күшімен белсенді жүргізіп келеді.

Бұған дейін ҚМГ Қызылорда облысындағы Торғай Палеозой (5585 м) учаскесінде алғашқы терең іздеу ұңғымасын бұрғылап, Ақтөбе облысындағы Қаражар (3250 м) учаскесінде бұрғылау жұмыстарын аяқтаған.

Қазіргі таңда ҚМГ Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Қызылорда облыстарында кең ауқымды барлау және зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.