Сенат «Ең төменгі жалақы туралы» халықаралық конвенцияны мақұлдады. Ең төменгі жалақы – 85 мың теңгені үкімет қаншаға көбейтпек?
Дегенмен халықтың табысына жауапты орган құжаттың қарапайым азаматтар үшін қаншалықты маңызды екенін анық түсіндіре алмады. Бұған дейін Үкімет ең төменгі жалақыны есептеп шығарар кезде медиандық табыс пен еңбек өнімділігін есепке алатын. Сөйтіп соңғы рет 85 мың теңге деп бекітті. Алайда бұл ешкімнің мұртын майлап, дастарханын толтыратын сома емес. Жаңа құжатқа сай енді елдегі ең төменгі жалақы қайта есептеле ме? Келер жылы минималды табыс қаншаға өседі? Caravan.kz медиа порталы анықтап білді.
Ең төменгі жалақы туралы конвенция осыдан жарты ғасыр бұрын қабылданған. Осыған дейін құжатты әлемнің 51 мемлекеті мақұлдаған. Оның 10-ы конвенцияны соңғы рет 2006 жылы ратификациялаған. Содан бері тыныштықта жатқан құжатқа биыл Сенат жан бітіргендей болды. Енді Қазақстан минималды жалақыны халықаралық стандарттарға сәйкестендіреміз деп отыр.
«Аталған құжаттың ережелері жалақы мөлшерін белгілеу кезінде қызметкерлердің қажеттіліктері, өмір сүру деңгейі, экономикалық факторларды ескерілуін қамтамасыз етеді», — дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әсем Рахметова.
Дегенмен, әзірге табысты есептеуде ешқандай өзгеріс болмайды. Бұны Сенат төрағасы министрдің сөзінен анық аңғарды.
«Құрғақ макроэкономикалық көрсеткіштерден, өздеріңіз коэфициенттер арқылы түзететін сандардан бас тартып, адамның қажеттіліктеріне көшу керек. Оның өмір сүру стандарттарын негізге алу қажет. Осыған сүйене отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу керек. Біз осы Конвенцияның мәнін осылай түсінеміз. Ал сіздің жауабыңызға қарасақ, сіздер ешнәрсе өзгертуді жоспарлап отырған жоқсыздар. Онда несіне конвенцияны ратификацияладық?», — дейді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
«Біздің әдісіміз 2024 жылы қабылданды, қазір оны сынақтан өткіздік, сол кезде адамдардың қажеттіліктерін жалпы есепке алдық, расымен де, бұл жанама түрде есепке алу болды», — дейді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Асқарбек Ертаев.
Вице-министр келесі жылы бюджет жоспарында мемлекеттік қызметкерлерге төленетін минималды табыс 99 000 теңге болсын деген ұсыныс жасапты. Бірақ, бұл сома жыртыққа жамау болатын ақша емес.
Мысалы, дәл осы конвенцияны қабылдаған Францияда минималды жалақы көлемі айына 1 миллионнан асады. Ал Австариляда 355 мың теңге. Оңтүстік Кореяда 713 мың, Сербияда 339 мың, ал Молдовада 134 мың теңге.
Журналистердің сұрағына вице-министр жауап беруден бас тартып, өзінің жалақысын айтпады. Ал халыққа орташа жалақы күн көруге жететінін айтты. Еске салайық, елімізде орташа жалақы — 448 мың теңге. Бірақ, елде ең төменгі 85 мың теңгені ала алмай жүргендер де бар. Вице-министр өтке жылы 18 адамнан шағым түскенін айтты, алайда, бұл тек басшылығынан қорықпай әрекет еткендер ғана.